| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов United World Wrestling (UWW) халықаралық күрес федерациясы Бюросының құрамына енді. Ол бұл орынға Астанада өткен ұйымның кезекті Конгресінде делегаттардың дауыс беру нәтижесінде сайланды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Сайлау 23 қазанда Астана қаласындағы Президенттік орталықта ұйымдастырылған UWW Конгресі аясында өтті. Халықаралық жиынға ұйым басшылығы мен түрлі елдердің ұлттық күрес федерацияларының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде UWW президенті мен Бюро мүшелерін сайлау мәселелері болды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Еркін Оқасов 117 дауыс жинап, халықаралық ұйымның Бюросының құрамына кірді. Бұл қазақстандық өкілдің әлемдік күрестің дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға және ұйымның басқару жұмысына қатысуына жол ашады.
Қазақстан күрес федерациясы соңғы жылдары халықаралық байланыстарды нығайтуға, елімізде ірі жарыстар өткізуге және ұлттық күрестің дамуына басымдық беріп келеді. Еркін Оқасовтың UWW Бюросына сайлануы осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды қадам саналады.

Конгресс барысында әлемдік күрестің алдағы кезеңдегі даму басымдықтары да талқыланды. Атап айтқанда, 2026–2032 жылдарға арналған стратегия, төрешілік жүйесін жетілдіру, қаржы және ұйымдастыру мәселелері, сондай-ақ 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық барысы қаралды.
Айта кетейік, United World Wrestling Бюросы – халықаралық күрес ұйымының негізгі басқару құрылымдарының бірі. Оның құзыретіне күресті дамытуға, халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға және спорттың стратегиялық бағыттарына қатысты шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу кіреді.
