444.4
488.97
5.39
Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Қазақстанда шағын ядролық реакторлар салына ма? Сарапшы мүмкіндіктері мен негізгі талаптарын түсіндірді
Жаңалықтар

Қазақстанда шағын ядролық реакторлар салына ма? Сарапшы мүмкіндіктері мен негізгі талаптарын түсіндірді

16.11.2026
0 мин
0
306

Қазақстанда шағын модульді реакторларды (ШМР) пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл технологиялар болашақта шалғай елді мекендер мен өнеркәсіп орындарын энергиямен қамтамасыз етуге, сондай-ақ біртіндеп пайдаланудан шығарылатын көмір электр станцияларының қуатын алмастыруға мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда оларды енгізу үшін бірқатар техникалық, экономикалық және қауіпсіздік талапты ескеру қажет. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы бас инженерінің орынбасары Денис Зарва мәлімдеді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.

Әлемде электр энергиясына сұраныс артып, өнеркәсіп пен цифрлық технологиялар қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар парниктік газдар шығарындыларын азайту мәселесі де өзекті болып отыр. Осыған байланысты көптеген мемлекет сенімді әрі экологиялық тұрғыдан тиімді энергия көздерін дамытуға назар аударуда.

Солардың бірі – шағын модульді реакторлар. Денис Зарваның түсіндіруінше, бұл технологияны дәстүрлі атом электр станциясының кішірейтілген түрі деп қана қарастыру дұрыс емес. ШМР атом нысандарын жобалау, салу және пайдалану тәсілімен ерекшеленеді.

Әдетте мұндай реактордың бір модулінің электр қуаты 300 мегаваттан аспайды. Оның жабдықтары модульдік тәсілмен дайындалады. Бұл қажеттілікке қарай станцияның қуатын кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жобаларда қауіпсіздік пен сенімділікті күшейтуге бағытталған заманауи инженерлік шешімдер қарастырылады.

Ірі атом электр станцияларын салу үшін қомақты бастапқы инвестиция мен дамыған электр желісі қажет. Ал шағын реакторларды энергияға сұранысы салыстырмалы түрде төмен немесе орталықтандырылған электр желісіне қосылуы қиын аумақтарда қолдану мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, мұндай қондырғылар шалғай өңірлерді, тау-кен өндіру және металлургия кәсіпорындарын, өнеркәсіп орталықтарын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қарастырылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, кейбір жобалар электр энергиясын өндірумен шектелмейді. Оларды ғимараттарды жылумен жабдықтауға, өндірістік бу алуға, суды тұщыландыруға және энергияны көп қажет ететін кәсіпорындардың жұмысын қамтамасыз етуге пайдалану көзделген.

Әлемде 150-ден астам жоба бар

Шағын модульді реакторлар әзірге тек ғылыми тұжырымдама деңгейінде қалып отырған жоқ. Бірқатар елде мұндай технологиялар іс жүзінде қолданылып, басқа мемлекеттерде жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жанындағы Ядролық энергия агенттігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылға қарай әлемде шағын және микромодульдік реакторлардың 150-ден астам жобасы тіркелген. Олардың арасында сумен, жоғары температуралы газбен және сұйық металмен салқындатылатын реакторлар, сондай-ақ өзге технологиялық шешімдерге негізделген қондырғылар бар. Мәселен, Ресейде «Академик Ломоносов» жүзбелі атомдық жылу электр станциясы шалғай аумақты электр энергиясымен және жылумен қамтамасыз етіп отыр.

Қытайда жоғары температуралы газбен салқындатылатын HTR-PM реакторы коммерциялық пайдалануға берілген. Сондай-ақ елдің Чанцзян алаңында электр қуаты 125 МВт болатын ACP-100 модульді реакторының жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Ал Канада, Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея және Еуропаның бірқатар мемлекетінде шағын реакторларды лицензиялау, құрылыс алаңдарын дайындау және ұлттық жобаларды дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл технологияларға атом энергетикасында тәжірибесі мол мемлекеттермен қатар, ядролық энергетика саласын енді дамыта бастаған елдер де қызығушылық танытып отыр.

Қазақстанда шағын реакторлар қайда қолданылуы мүмкін?

Денис Зарваның айтуынша, Қазақстан үшін шағын модульді реакторларды зерттеудің бірнеше маңызды себебі бар. Еліміз уран қорына бай, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары және ядролық технологияларды қолдану тәжірибесіне ие. Қазақстанда зерттеу реакторларын пайдалану тәжірибесі жинақталған, сондай-ақ бұрын БН-350 энергетикалық реакторы жұмыс істеген. Сонымен қатар ел аумағының кеңдігі, энергетикалық инфрақұрылымның біркелкі дамымауы және кейбір өндіріс орындарының ірі елді мекендерден шалғай орналасуы балама энергиямен жабдықтау шешімдерін қарастыру қажеттігін көрсетеді. Осы тұрғыдан шағын модульді реакторлар Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ықтимал құралдарының бірі ретінде бағаланып отыр.

2026 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясында кемінде үш атом электр станциясын салу көзделген. Құжат аясында экономикалық тұрғыдан тиімді болған жағдайда, Қазақстанның ұлттық энергетикалық желісінің дамуын ескере отырып, шағын модульді реакторлар технологиясын қолдану мүмкіндігі де қарастырылады. Мұндай реакторлар жекелеген өңірлерді энергиямен жабдықтауға және біртіндеп пайдаланудан шығарылатын көмір генерациясының қуаттарын алмастыруға пайдаланылуы мүмкін. Дегенмен бұл ірі атом электр станцияларынан бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше, шағын реакторлар ірі АЭС салу бағдарламасын толықтырып, электр энергиясын өндіру көздерін әр өңірдің қажеттілігіне қарай орналастыруға мүмкіндік бере алады.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан үшін шағын модульді реактордың қуаты мен техникалық сипаттамаларына ғана назар аудару жеткіліксіз. Ең алдымен қондырғы орналастырылатын аумақтың табиғи және инфрақұрылымдық ерекшеліктері жан-жақты зерттелуі керек. Атап айтқанда, өңірдің сейсмикалық жағдайы, климаты, су ресурстарының қолжетімділігі, сыртқы табиғи және техногендік әсерлер ескерілуге тиіс. Сонымен бірге реакторды отынмен қамтамасыз ету, радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған ядролық отынды басқару, қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру және білікті мамандар даярлау мәселелері де маңызды. Бұған қоса, таңдалатын технологияның коммерциялық пайдалануға қаншалықты дайын екені, экономикалық бәсекеге қабілеттілігі және жабдықтар мен олардың құрамдас бөліктерін Қазақстанда өндіру мүмкіндігі бағалануы қажет.

Ұлттық ядролық орталықтың рөлі қандай?

Шағын модульді реакторларды Қазақстанда қолдану мүмкіндігін анықтау үшін ғылыми зерттеулер мен инженерлік талдаулар жүргізу маңызды. Бұл бағытта Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының тәжірибесін пайдалануға болады. Орталық ядролық және радиациялық қауіпсіздік, инженерлік сейсмология, радиоэкология, сондай-ақ атом энергетикасы нысандарын орналастыруға жарамды аумақтарды бағалау салаларында көпжылдық зерттеу тәжірибесіне ие.

Денис Зарваның айтуынша, отандық ғылыми және инженерлік ұйымдардың халықаралық жобаларға қатысуы шетелдік технологиялардың мүмкіндіктерін кәсіби тұрғыдан бағалауға жағдай жасайды. Сонымен қатар мұндай ынтымақтастық Қазақстанда болашақ атом энергетикасы жобаларын жүзеге асыруға қажетті ғылыми-техникалық құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Маман шағын модульді реакторларды энергетика саласындағы барлық мәселенің әмбебап шешімі ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Қазір әлемдегі көптеген жоба әлі әзірлеу немесе лицензиялау кезеңінде тұр. Сондықтан олардың экономикалық тиімділігі сериялық құрылыс пен нақты пайдалану тәжірибесі арқылы әлі де дәлелденуі қажет. Шағын реакторларды табысты енгізу үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, өндірістік тізбектерді дамыту, мамандар даярлау және ядролық қондырғылардың бүкіл пайдалану кезеңін қамтитын жүйені қалыптастыру қажет. Соған қарамастан, бұл технологиялар Қазақстанның энергетикалық жүйесін әртараптандыруға қосымша мүмкіндік бере алады.

Ірі атом электр станциялары мен көмір энергетикасына ғана сүйенудің орнына, болашақта энергия өндірудің әртүрлі технологияларын біріктіретін икемді жүйе қалыптастыруға жол ашылуы мүмкін. Шағын модульді реакторларды игеру отандық машина жасау саласының, ғылыми зерттеулердің, жоғары технологиялық өндірістің және халықаралық ынтымақтастықтың дамуына да ықпал етуі ықтимал.

Осылайша шағын модульді реакторлар Қазақстан үшін болашағы бар энергетикалық бағыттардың бірі саналады. Алайда оларды нақты іске асыру туралы шешім қабылдау технологиялардың қауіпсіздігіне, экономикалық тиімділігіне, инфрақұрылымның дайындығына және еліміздің энергетикалық қажеттіліктеріне байланысты болмақ.

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл