| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік жағдайын 30 мемлекеттік ақпараттық жүйедегі деректер негізінде бағалайды. Бұл ретте ескі көлік, шағын қарыз және күнделікті қажеттілікке жұмсалатын аз көлемдегі қаражат отбасының әл-ауқатын жоғары деп көрсетуге негіз болмайды. Жүйе қандай көрсеткіштерді ескеретіні туралы айтылды, — деп хабарлайды Dauletten.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік жағдайын кешенді түрде бағалауға арналған. Жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларындағы деректерді біріктіріп, әр отбасының тұрмыс деңгейін анықтайды. Мәліметтер ай сайын жаңартылып отырады.
Министрліктің түсіндіруінше, отбасының табысын есептегенде мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, алимент, тұрғын үй көмегі, бала тууға немесе асырап алуға байланысты біржолғы төлемдер кіріс ретінде қарастырылмайды. Қайырымдылық қорларынан берілетін қаражат та отбасының табысына қосылмайды.
Мүлікке қатысты мәліметтер де белгілі бір тәртіппен бағаланады. Мәселен, 20 жылдан асқан жеңіл автокөлік, трактор, жүк көлігі мен комбайнның құны нөлге теңестіріледі. Ал шағын жер телімдері, бау-бақша учаскелері және аз мөлшердегі мал мен құс отбасының әл-ауқатын жоғары деп бағалауға негіз болмайды.
Қарыз мәселесінде де айырмашылық бар. Ипотекалық міндеттемелер мен ұзақ уақыт өтелмеген берешек отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде ескеріледі. Ал шағын несие, төлемнің аз уақытқа кешігуі немесе жеке автокөлік кепілімен алынған ломбард қарызы көрсеткішке әсер етпейді.
Банктегі шоттар мен депозиттердегі аз көлемдегі қаражат, сондай-ақ «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй жинақтары да отбасының әл-ауқатын бағалағанда есепке алынбайды. Сонымен қатар ірі үлесі жоқ жалдамалы компания басшысы немесе үкіметтік емес ұйым жетекшісі автоматты түрде ауқатты азаматтар қатарына жатқызылмайды.
Жүйе отбасы мүшелерінің саны мен жасын, балалар мен қарттардың бар-жоғын да назарға алады. Мүгедектігі бар немесе диспансерлік есепте тұрған ауыр созылмалы ауруы бар адамдарға қатысты төмендету коэффициенттері қолданылады.
Ал қымбат автокөліктер, бес жылға дейінгі жүк көліктері мен автобустар, бірнеше тұрғын үй немесе коммерциялық нысанның болуы отбасының әл-ауқаты жоғары екенін көрсететін факторлар қатарына кіреді. Олардың қатарында дүкен, сауда орталығы мен дәріхана сияқты нысандар да бар.
Ауылдық жерлердегі мүлікке қатысты бағалау коэффициенттері қаладағы нысандармен салыстырғанда төмен болуы мүмкін. Бұл ретте ірі қалалардағы жер телімдерінің нарықтық құны жоғары болғандықтан, оларға қолданылатын коэффициент те өзгеше белгіленеді.
Министрліктің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік жағдайын осы көрсеткіштердің жиынтығы бойынша анықтайды. Бағалау кезінде бір ғана мүлік немесе қарыз түрі емес, отбасының жалпы тұрмыс деңгейі ескеріледі.