| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларды сәйкестендіру тәртібін өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бастама аясында баланың фотосуреті мен жеке деректерін пайдалану ұсынылған, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мәселе Құрылтайда өткен Үкімет сағатында талқыланды. Депутат Екатерина Смышлева қазіргі туу туралы куәлік баланың дүниеге келгенін растайтынын, алайда құжатты көрсеткен адамның сол бала екенін анықтауға мүмкіндік бермейтінін айтты.
Оның сөзінше, қазір баланың фотосуреті бар құжат ретінде паспорт қолданылады. Бірақ ата-аналар оны көбіне шетелге шығу үшін ғана рәсімдейді. Осыған байланысты депутат туу туралы куәлікке баланы сәйкестендіруге көмектесетін қосымша мәліметтер енгізу немесе басқа құжат түрін қарастыру мүмкіндігіне қатысты сауал қойды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылып жатқанын хабарлады.
Министрдің айтуынша, басты назар балалардың биометриялық деректерін пайдалану тәртібі мен жеке ақпаратын қорғауға аударылуы керек. Қазір баланың фотосуреті мен сәйкестендіру мәліметтерін қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Туу туралы куәлікке фото енгізіле ме?
Әділет вице-министрі Айдар Жарылғанов туу туралы куәліктің берілу тәртібіне тоқталды. Оның түсіндіруінше, құжат медициналық мекеменің анықтамасы немесе баланың дүниеге келгенін растайтын сот шешімі негізінде рәсімделеді. Бұл кезде баланың жеке басын фотосурет арқылы растау талап етілмейді. Сонымен қатар куәлікті алу үшін баланың өзі міндетті түрде қатысуы қажет емес.
Вице-министр қолданыстағы ережелерде туу туралы куәлікке баланың фотосуретін орналастыру қарастырылмағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұсыныс жүзеге асса, балалардың жас ерекшелігін де ескеру қажет. Себебі олардың сырт келбеті алғашқы жылдары тез өзгереді. Бұдан бөлек, фотосуретті түсіру мен оны құжатқа енгізуге қатысты техникалық мәселелерді шешу керек.
Қазіргі уақытта балаларды сәйкестендірудің нақты жолы анықталған жоқ. Бұл бағыттағы ұсыныстар арнайы комиссияда қаралып, тиісті шешім қабылданған кезде жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты талаптар да ескерілмек.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаты Динара Закиева балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заң жобасын таныстырған еді. Онда балаларға зиян келтіруі мүмкін онлайн ойындар мен қосымшаларды бұғаттау, цифрлық платформаларда ата-ана бақылауын енгізу және фотосуреті бар жеке ID-карта әзірлеу бастамалары ұсынылған болатын.