| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Әлеуметтік желілерде Қазақстанда балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Бұл жаңалық кішкентай баласы бар ата-аналардың алаңдаушылығын туғызды. Әсіресе автобусқа балалар арбасымен міну тәртібі мен жаңа талаптардың қалай қолданылатыны көпшіліктің көкейінде сұрақ тудырды. Шын мәнінде, елімізде мұндай тыйым енгізілді ме? Dauletten.kz сайты мәселенің мән-жайын анықтап, көлік министрлігінің ресми түсіндірмесін зерделеді.
Әлеуметтік желіде қандай ақпарат тарады?
Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде Қазақстанда балалар арбасын қоғамдық көлікке кіргізуден бас тартылуы мүмкін екені туралы жарияланым пайда болды. Онда жаңа талаптар кішкентай баласы бар ата-аналардың, әсіресе қыс мезгілінде, қоғамдық көлікті пайдалануына қиындық туғызуы мүмкін екені айтылған.
Бұл ақпараттың таралуына автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына енгізілген өзгерістер себеп болған.
Алайда әлеуметтік желідегі жарияланымдарда балалар арбасын тасымалдауға қатысты талаптар толық түсіндірілмеген. Соның салдарынан қоғамдық көлікке балалар арбасымен кіруге шектеу қойылғандай түсінік қалыптасқан.
Жаңа ережеде не жазылған?
Қазақстанда автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілген. Жаңартылған талаптарға сәйкес, автобус салоны шамадан тыс толған жағдайда және ата-анаға арналған бос орын болған кезде балалар арбасын жиналған күйде алып жүру көзделген. Бұл ретте балалар арбасы өзге жолаушылардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтірмеуі тиіс.
Аталған талаптың негізгі мақсаты – қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өйткені жолаушылар көп жиналған автобуста өту жолдарының ашық болуы маңызды. Бұл әсіресе көлік қозғалысы кезінде жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қажет. Дегенмен жаңа талап балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге толық тыйым салынғанын білдірмейді.
Көлік министрлігі не дейді?
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі 14 қарашада ресми түсіндірме жариялады. Ведомство балалар арбасымен автобустарға кіруге тыйым салынғаны туралы мәлімдемелердің шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады. Министрліктің түсіндіруінше, қолданыстағы қағидалар ата-аналардың балалар арбасымен қоғамдық көлікте жүруіне тыйым салмайды. Автобус салоны шамадан тыс толған және ата-анаға арналған бос орын болған жағдайда балалар арбасын жинап тасымалдау көзделгенімен, оны жинау қолайсыздық туғызса, ата-ана сапарын арбаны жайылған күйінде жалғастыра алады.
Ведомство бұл талаптың балалардың, оларды алып жүретін ата-аналардың және өзге де жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Балалар арбасын жинамағаны үшін айыппұл салына ма?
Қоғамда туындаған негізгі сұрақтардың бірі – балалар арбасын жинамаған ата-аналарға қандай да бір жауапкершілік қарастырылғаны.
Көлік министрлігінің ресми түсіндірмесіне сәйкес, мұндай жағдайда айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе өзге де санкциялар қолдану көзделмеген.
Яғни ата-анаға балалар арбасын жинау қолайсыз болса, ол сапарын арбаны жайылған күйінде жалғастыра алады. Бұл ретте балалар арбасын тасымалдауға қатысты қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс.
Ата-аналар нені білуі керек?
Автобус шамадан тыс толған жағдайда және ата-анаға арналған бос орын болса, балалар арбасын жинап тасымалдау көзделеді. Алайда оны жинау қолайсыз болса, сапарды арбаны жайылған күйінде жалғастыруға болады.
Ең бастысы, балалар арбасы басқа жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі және қоғамдық көліктегі қауіпсіздік талаптары ескерілуі қажет.