Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Спорт

"Нөл" деген баға беремін": Ұлан Қонысбаев және спорт сарапшылары ұлттық құрама ойынын сынады

15.10.2024
1 мин
0
119
Сурет: ANGELOS TZORTZINIS/AFP via Getty Images

13 қазанда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында Словения құрамасымен кездесіп, 0:1 есебімен жеңіліс тапты. Құрама тізгінін Станислав Черчесов алғалы бері команда үш матч қатарынан жеңілістен көз ашпай келеді, - деп хабарлайды Dauletten.kz KAZ.NUR.KZ сілтеме қалдырып.

Футболдан Қазақстан құрамасы биылғы Ұлттар лигасы маусымындағы алғашқы ойында Норвегиямен кездесіп, тең түскен болатын (0:0). Ал аталмыш турнирдің 2-турында Словения құрамасына қарсы сырт алаңда өткен ойында Қазақстан құрамасы жеңіліс тапты (0:3). Турнирдің 3-турында Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Аустриядан ойсырай жеңілді (0:4). Ал 13 қазанда өткен Словенияға қарсы ойында команда тағы бір мәрте жеңілістің ащы дәмін татты (0:1).

"Мықты ойыншы болмай тұр"

Белгілі спорт журналисі Бек Төлеу Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы жылдары біраз үміт сыйлағанын, бірақ бұл үміт толығымен ақталмағанын айтты.

- Магомед Адиевтің жетекшілігіндегі ұлттық құраманың көрсеткен көрсеткіштерінен кейін ойын жақсарады, нәтиже арта береді деген үміт болды. Деңгей өсіп келе жатыр, ойында ширақтық бар, бұрынғыдай соңғы минуттарда гол жібермейміз деген түсінік те қалыптаса бастап еді. Дегенмен қазір көріп жатырсыздар. Біз бәз-баяғы қалпымызға келдік, - деді Бек Төлеу.

Оның ойынша, құраманың негізгі ойыншыларының клубтағы жағдайлары да маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда ұлттық құраманың белді ойыншылары саналатын Бахтиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетов Түркия Суперлигасында өнер көрсетеді. Біріншісі "Бешікташ" клубының намысын қорғаса, екіншісі "Адана Демирспорда" ойнайды.

- Қазіргі уақытта біздің командада толыққанды құрам бар деп айта алмаймын. Ұлттық құрамада көшбасшы болып жүрген жігіттердің клубтағы жағдайлары мәз емес. Бахтиер Зайнутдинов өткен жылы негізгі құрамда ойнап жүр еді, биыл қосалқы құрамда отыр, тіпті алаңға шықпайды. Абат Айымбетов те Түркияға барғалы алаңға шығуды азайтты, гол соқпайды. Асхат Тағыберген де былтырғы чемпиондық матчтан кейін жарақат алып, әлі өз бабына ене алмай жүр. Оның үстіне, біз бұрынғы Асхатты көре алмай келеміз. Қазір ортада ойнайтын мықты ойыншы болмай тұр, - деді Бек Төлеу. 

"Черчесовтің ешқандай мотивациясы жоқ" 

Ресейлік маман Станислав Черчесов биыл 3 маусымда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалған болатын.

Бұл турнирде өткізген төрт матчта ұлттық құраманы ресейлік маман Станислав Черчесов баптады. Алайда Қазақстан құрамасы бас бапкер Станислав Черчесовтің жетекшілігімен соңғы 4 ресми ойында гол соға алмай келеді. Осылайша қазақстандық футболшылар 2013 жылы болған антирекордты тағы қайталады.

Қазақстан құрамасы соңғы рет осындай сәтсіз серияны 2012 жылдың қыркүйегінен 2013 жылдың наурызына дейін бастан өткерген болатын. Сол кезде 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстан құрамасы Швециядан (0:2) жеңіліп, Аустриямен тең ойнады (0:0), кейін тағы да аустриялықтардан ойсырай жеңіліп (0:4), ал Германиядан (0:3) айласын асыра алмаған болатын.

Спорт журналисі Бек Төлеу ұлттық құраманың тізгінін Станислав Черчесовтің орнына басқа адам ұстауы қажет екенін айтты.

- Черчесовтің басты қателігі – ешқандай мотивациясының жоқтығы. Өйткені ол өзін Ресейде, Венгрияда, Польшада дәлелдеп, чемпион болдым деп санайды. Қазақстан оған екінші сорттағы ел секілді. Бізге жұлқынып тұрған маман керек . 4 ойын бойы гол соқпай жүре берудің еш қажеті жоқ. Бапкерді ауыстыру керек. Черчесовке әу баста қарсы болған адамдардың бірімін. Әлі де сол ойдамын. Оның тағайындалуында қандай да бір саяси ойлар болғанын білмеймін. Черчесовтің келуінде үлкен күмәндар бар. Оны Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов өзі қалап алдырды дегенге сенбеймін. Оның артында айтылмайтын бір жағдайлар болуы мүмкін, - деді Бек Төлеу. 

"Уақыт керек, команда осы кезеңнен өтуі керек" 

Бірақ Әділет Барменқұлов ресейлік басылымға берген сұқбатында ұлттық құраманың ойынында даму бар екенін және нәтижеге жету үшін уақыт керек екенін атап өтті.

- Ұлттар лигасындағы мақсатымыз басқа екенін айтқан едім. Біз қазір ұлттық құраманы дамытып жатырмыз. Дайындық жақсы жүріп жатыр. Словенияға қарсы ойында қандай прогресске жеткенімізді көрдіңіздер. Жігіттер де сезді, мүлде бөлек ойын. Уақыт керек, команда осы кезеңнен өтуі керек. Біздің философия қандай болу керек деген түсінік қалыптаса бастады. Словенияға қарсы ойында өз стилімізді таптық. Сондықтан мен матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеге кіріп бапкер мен футболшыларды құттықтадым. Енді ары қарай дамып, ғалам чемпиондары болуымыз керек (күліп), - деді Әділет Барменқұлов Vseprosport.ru сайтына берген сұқбатында.

УЕФА Ұлттар лигасының В дивизионының үшінші тобында бақ сынап жатқан Қазақстан құрамасының ФИФА рейтингіндегі орны қарсыластарына қарағанда едәуір төмен екенін айта кеткеніміз жөн. Бұл топта ойнап жатқан Аустрия әлемдік рейтингтің 22-сатысына жайғасса, Норвегия 47-орынға тұрақтаған. Словения құрамасы 51-орынға табан тіресе, Қазақстан құрамасы 109-орынға орналасқан. 

"Жанкүйерлерге керегі – нәтиже" 

Сондай-ақ ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Магомед Адиев қазіргі сәтсіздіктер қалыпты жағдай екенін, себебі команда жаңа жүйеге бейімделіп жатқанын атап өтті. Ең бастысы, алдағы әлем чемпионатының іріктеуіне дайындықты бастау қажет, ал Черчесовтің тәжірибесі мен білімі бұл үдерісте маңызды рөл атқаратынына сенімді екенін жеткізді.

Бірақ спорт журналисі Есей Жеңісұлы ұлттық құраманың В дивизионындағы ойынына көңілі толмайтынын айтты. Тіпті бұрындары кездескен Аустрия, Словения сияқты елдерге тойтарыс беруіміз қажет екенін де атап өтті.

- Біз қандай турнирде ойнасақ та, нәтижеге жұмыс істеуіміз қажет. Ұлттар лигасының В дивизионына эксперимент жасау үшін шықтық па? Словениямен де, Аустриямен де бұрындары кездестік. Сол үшін қырық сылтау айтуды қою керек. Керісінше осындай кезде жаңа ойыншыларды кіріктіріп, құраманың алдағы ойындарына дайындауымыз керек. Станислав Черчесов кей нәрселерді дұрыс істеп жатыр. Мысалы Словенияға қарсы ойынға Асхат Балтабековті шығарды. Жан-Али Пайруз бен Айбар Жақсылықов та алаңға шықты. Осындай ойыншыларды құрамаға шақырған кезде нәтиже көрсету керек еді. Екі орталық қорғаушыға көштік, тәжірибе жүргізіп жатырмыз деген болмайды. Бірақ бас бапкердің ұстанып отырған бағытына да, көрсетіп жатқан нәтижесіне де көңілім толмайды. Бұл турнирдегі басты мақсатымыз В дивизионында қалуымыз керек. Жанкүйерлерге керегі – нәтиже, - деді Есей Жеңісұлы. 

"Ұлттық құраманың ойынына нөл деген баға беремін" 

Аталмыш пікірді футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Ұлан Қонысбаев та қостады. Оның айтуынша, бас бапкер Станислав Черчесовтің ұлттық құрама тізгінін ұстауы командаға ешқандай өзгеріс әкелмеді.

Черчесов командаға дұрыс ойын қоя алмады, былайша айтқанда ештеңе істей алмады. Оның тарапына айтылып жатқан сын-пікірлермен келісемін. Себебі мұндай нәтиже бізге қажет емес. Жеңіле берсең, жанкүйер де теріс айналады. Станислав Черчесов Ұлттар лигасының соңғы екі ойынын өткізіп, үйіне қайтқаны дұрыс, - деді Ұлан Қонысбаев.

Ұлан Қонысбаев ұлттық құрама сапында 2011-2016 жылдар аралығында доп тепкен. Алайда 2016 жылы Қытайға қарсы жолдастық кездесуде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт футболдан қол үзіп қалған. Футболшы 2021 жылы жарақатынан айығып, "Тараз" клубының қатарына қосылған болатын. Бірақ "Тараз" футбол клубы сапында ол тек 12 минут қана ойнай алды. Кейіннен футболшы кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеді.

Ұлан Қонысбаев ұлттық құрамаға сенім білдіретінін, жанкүйерлік танытатынын жеткізді. Бірақ Қазақстан құрамасына бірқатар өзгеріс қажет екенін жеткізді.

- 2-3 жыл футбол ойнамаған жігіттерді алаңға шығарғаны да дұрыс болмады. Рамазан Оразов пен Максим Самородов секілді ойыншыларды бірінші минуттан алаңға шығару керек еді. Сол үшін ұлттық құраманың бұл ойынына нөл деген баға беремін. Ойыннан өзгеріс көрмедім. Бірақ бәрібір де ұлттық құрамаға сенеміз. Алдағы екі ойынға үміт артамыз, - деді Ұлан Қонысбаев.

УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңдегі ойындарының аяқталуына 2 тур қалды. Енді футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 14 қарашада өз алаңында Аустрияны қабылдаса, 17 қарашада Норвегияға қарсы сырт алаңда ойын өткізеді. 

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл