Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Желтоқсан жаңғырығы: төртеудің соты және азаттық жолындағы жанкештілік
Жаңалықтар

Желтоқсан жаңғырығы: төртеудің соты және азаттық жолындағы жанкештілік

16.12.2025
мин
0
282
Сурет: e-history.kz

Бүгін – Тәуелсіздік күні. Бұл – халқымыздың азаттық туралы арманы ақиқатқа айналып, елдік дәстүріміздің жаңғырған күні. Осы айтулы күнге орай Dauletten.kz сайты оқырман назарына төртеудің соты жайлы ақпарат ұсынады.

Мемлекет басшысы айтқандай, осы қасиетті күні бәріміз бабалар аманатына әрдайым адал болудың және ұлт болашағына зор жауапкершілікпен қараудың мән-маңызын терең түсінеміз. Себебі Тәуелсіздігіміз – баршаға ортақ құндылық әрі барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық. Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы.

Сол қасірет пен қасиетке толы тәуелсіздігіміздің артында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тұр. Алаңға шыққан жастардың тілегі ана тілінде сөйлеу болатын. Қазақты қазақ басқарсын деген талабы бар еді. Бірақ олар сұрағандары ескерусіз қалып, өздерінің аяусыз соққыға жығылатынын білген жоқ. Бастарына ауыр айып тағылып, бостандықтан айырылатындарын, тіпті өмірмен қошайтысатындарынан да хабарсыз еді.

Желтоқсан оқиғасы десек, қыршын кеткен Қайрат, Ербол, Ләззат пен Сабиралар бірден ойға түседі. Алайда сол желтоқсанның ызғарлы күнінде қаншама қыз-жігіттер өлердей таяқ жеп, азапталды. Алаңды өз қандарымен жуды. Әділдік үшін жанын пида етті.

Қаншама өмірді жалмаған қайғылы оқиға жайлы ашылмай кеткен шындық көп. Орындалмай кеткен мақсат та шексіз. Ботадай боздап қалған ана мен әке қаншама.

Желтоқсан оқиғасы десек, айтар шындық көп. Солардың бірі — кейін тарихта «төртеудің соты» деген атаумен қалған қылмыстық іс. Иә, белгілі саясаткер, филолог Дос Көшім ағамыз тілмаш, аудармашы болған сот отырысы. Бұл сотта Қайрат алаңда болған жасақшылардың бірі Сергей Савицкийді өлтірді деген айып тағылған.

Сурет: ғаламтордан алынды

Желтоқсан көтерілісінен кейін қозғалған көптеген істердің ішінде бұл сот процесі қоғамдық-саяси маңызы жағынан өзгеше болды. Аталған сотта Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаев, Қайыргелді Күзембаев және Түгелбай Тәшенов айыпталушы ретінде жауапқа тартылды. Сот отырысы 1987 жылы өтті. Айыптаушы тарап Қайрат Рысқұлбековті 1986 жылғы 18 желтоқсанда Алматы қаласында болған тәртіпсіздіктер жасақшы Сергей Савицкийдің өліміне қатысы бар деп таныды. Ал қалған үш азаматқа сол қылмысқа көмектесті, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарсы әрекет жасағаны жөнінде айып тағылды.

Сот процесі барысында айыпталушылар өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Қайрат Рысқұлбеков тергеу және сот кезінде адам өлтіру әрекетін жасамағанын бірнеше рет мәлімдеді. Сот отырысында оның бұл қылмысқа тікелей қатысқанын дәлелдейтін нақты айғақтар жеткілікті деңгейде ұсынылмады. Соған қарамастан Қайрат Рысқұлбековке ең ауыр жаза — өлім жазасы кесілді. Жамбыл Тайжұмаев пен Түгелбай Тәшенов 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қайыргелді Күзембаевқа бастапқыда 15 жыл жаза белгіленіп, кейін отбасылық жағдайына байланысты жаза мерзімі 14 жылға қысқартылды.

Бұл сот процесінде тілмаш қызметін атқарған белгілі қоғам қайраткері, филолог Дос Көшім кейін берген сұхбаттарында аталған істің оның ұлттық санасының оянуына ерекше әсер еткенін атап өткен. Оның айтуынша, сот басталмай тұрып-ақ прокуратура қызметкерлері Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасы, ал қалған айыпталушыларға ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілетінін алдын ала айтып жүрген. Кейін сот үкімі дәл солай шыққан.

1988 жылы Қайрат Рысқұлбековке кесілген өлім жазасы 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Сол жылы ол Семей қаласындағы колонияда қаза тапты. Ресми құжаттарда оның өлімі «өз-өзіне қол жұмсау» деп көрсетілді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Желтоқсан оқиғасына құқықтық және саяси баға беру мәселесі қайта қаралды. 1992 жылы Қайрат Рысқұлбековке қатысты сот үкімі жойылып, оның жазықсыз сотталғаны ресми түрде мойындалды. Сонымен қатар Желтоқсан оқиғасына байланысты сотталған өзге де азаматтар кезең-кезеңімен ақталды. 1996 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл шешім Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың азаматтық ұстанымы мен ел тәуелсіздігі жолындағы күресінің мемлекеттік деңгейде бағаланғанын көрсетті.

Желтоқсанның желі мәңгілік ызғарлы болып қалады. Елдің нағыз жанашырлары сол бір суық күндері алаңға шығып, тәуелсіздік пен ұлттық намыс жолында денсаулығын да, өмірін де аяған жоқ. Желтоқсан алаңына жиналған мыңдаған жас ешқандай қару ұстамай, өз ұстанымын бейбіт түрде білдіруге тырысты. Олардың азаматтық ерлігі мен қайсар рухы кейінгі ұрпаққа өнеге болып, тәуелсіз Қазақстан тарихында өшпес із қалдырды.

Желтоқсан оқиғасы — Қазақстан тарихындағы аса маңызды әрі тағдырлы кезең. Бұл оқиға халықтың ұлттық санасының оянуына, тәуелсіздік идеясының нығаюына ықпал еткен тарихи бетбұрыс ретінде бағаланады. Бүгінде Желтоқсан құрбандарының есімі ел жадында сақталып, олардың ерлігі тәуелсіз Қазақстанның тарихында мәңгілікке жазылды. Енді бүгінгінің жанын қиған, қиналған, азапталған, әділетсіздіктің құрбаны болған жандардың алдындағы міндеті - Тәуелсіздікті қадірлеу, қастерлеу, мәнін терең ұғыну.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көк байрағымыз тек биікте болсын! 

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл