Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Баспана мәселесі қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі. Әсіресе, әйелдерге арналған арнайы бағдарламалардың іске қосылуы бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Осы орайда, Dauletten.kz сайтының тілшісі "Ұмай" әйелдер ипотекалық бағдарламасы туралы толығырақ мәлімет алу мақсатында Ипотекалық бағдарламалар сарапшысы Ұлан Дәулетқалимен сұхбаттасты.
Сарапшының сөзінше, "Ұмай" бағдарламасы – мемлекеттік жоба емес. Бұл бағдарлама Орталық Азия даму банкінің инвестициясымен жүзеге асырылады. Яғни, банк қаражат бөлген кезде ғана ипотекалық бағдарлама ашылады екен.
– Бағдарламаның негізгі шарттарына тоқтала кетейін: бастапқы жарна мөлшері – 15-20%, ал жылдық сыйақы мөлшерлемесі өткен жылы 14,4% құрады. Биылғы мөлшерлеме әзірге белгісіз. Бағдарлама аясында алғашқы және қайталама нарықтан үй сатып алуға болады. Сонымен қатар бұл бағдарлама үй жөндеу жұмыстарына қаражат алуға мүмкіндік береді. Басқа талаптарға келсек, өтініш берушінің тұрақты тіркеуі, атына тіркелген баспананың болуы маңызды емес, - деді Ұлан Дәулетқали.
Сарапшының айтуынша, бағдарламаға қатысуға ниетті әйелдерге қойылатын бірнеше талап бар.
– "Ұмай" бағдарламасы тек әйелдерге арналғандықтан, оған қатысатын нәзік жандылар белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Ең бастысы – ресми түрде жұмыс істеуі керек. Егер жалдамалы жұмысшы болса, соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдары болуы тиіс. Ал жеке кәсіпкер болса, соңғы бір жылдағы кірісін декларациялау қажет, - деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар отбасылық табысқа шектеу қойылған. Жалпы табыс 950 мың теңгеден аспауы керек. Бұл жерде тек әйел адамның емес, күйеуінің де табысы есепке алынады. Басқа талаптар маңызды емес – тұрғылықты тіркеудің болуы, баспана кезегінде тұруы немесе атына үй тіркелуі ескерілмейді.
– "Ұмай" бағдарламасы бойынша әйелдер үшін ұсынылатын ипотека түрлері мен шарттары қандай?
– Бастапқы жарна мөлшері – 15-20%, бірақ бұл табыс деңгейіне және өңірге байланысты. Өткен жылы мысалы, табысы 550 мың теңгеге дейінгі отбасылар үшін жарна 15%, ал 640 мың теңгеге дейінгілер үшін 20% болған еді. Биыл бұл талаптар қалай өзгеретіні әлі нақтыланбады. Меніңше, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бастапқы жарна 20%, ал басқа өңірлерде 15% болуы мүмкін.
Сарапшымыз ипотека алу үшін өтініш беру процесі қалай өтетінін және қандай құжаттар қажет екенін де тілге тиек етті.
– Өтініш беру процесі өте оңай әрі қолжетімді. "Отбасы банк" сайты арқылы бағдарламаға өтінім беру батырмасы ашылады. Бұл конкурс негізінде жүзеге асатындықтан, барлық өтініш берушілерге белгіленген мерзім ішінде өтініш жіберу мүмкіндігі беріледі. Егер өтінішіңіз қабылданса, табыс көзін растау үшін банк бөлімшесіне шақырылады.
– Бұл бағдарлама қандай әлеуметтік топтағы әйелдерге арналады? Көпбалалы немесе жалғызбасты аналарға жеңілдіктер бар ма?
– Бағдарламада әлеуметтік мәртебе маңызды емес. Сіз көпбалалы анасыз ба, толық емес отбасысыз ба, тұрғын үй кезегінде барсыз ба – бәрібір. Ең бастысы, жұмыс істеп, ипотекаға қажетті жарнаны төлей алуыңыз қажет.
– "Ұмай" бағдарламасының артықшылықтары мен кемшіліктері қандай деп ойлайсыз?
– Бағдарламаның басты артықшылығы – ипотека рәсімдеу үшін тұрақты тіркеудің, баспана кезегінде тұрудың немесе атына мүлік тіркелмеуінің маңызды болмауы. Ал кемшілігі ретінде сыйақы мөлшерлемесінің салыстырмалы түрде жоғары екенін айтар едім. Егер алғашқы баспана сатып алуды жоспарлап жүргендер үшін 14,4% ставка жоғары болуы мүмкін. Алайда екінші немесе үшінші үй сатып алуды көздегендер үшін бұл бағдарлама тиімді.
Ұлан Дәулетқалидің пікірінше, бағдарламаның болашағы зор. Себебі қаражат мемлекеттен емес, Орталық Азия даму банкінің әйелдер үшін арнайы бөліп отырған қаражатынан құралады. Сұраныс жоғары болғандықтан, бағдарлама биыл да жалғаспақ. Егер бірінші баспана алғысы келетіндер болса, басқа да тиімді бағдарламаларды қарастырған жөн.
Қорытындылай келе, "Ұмай" бағдарламасы – жұмыс істейтін әйелдер үшін баспана мәселесін шешуге арналған үлкен мүмкіндік. Қойылған талаптардың қолжетімділігі, онлайн өтінім беру ыңғайлылығы және үй сатып алуға түрлі жағдайлардың қарастырылуы бұл бағдарламаны ерекше етеді. Сонымен қатар бағдарлама жыл сайын жаңартылып, талаптарында өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан шарттар мен мүмкіндіктер туралы үнемі хабардар болып отыруды ұсынамыз. Егер сіз тұрақты табысқа ие болып, өзіңізді баспанамен қамтамасыз етуді жоспарласаңыз, "Ұмай" бағдарламасын пайдалануға кеңес береміз.
Тағы көру