Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Сайлау учаскесіндегі сіздің дауысыңыз қоғамдық өмірдің әділ әрі түсінікті жаңа ережелерін айқындауда маңызды және шешуші рөл атқаруы мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Референдум қоғамымыздың азаматтық кемелдігі мен саяси саналылығын бағалауға мүмкіндік береді. Референдумның орталық комиссиясы мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар сайлау заңнамасындағы барлық норманың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді. Дауыс беру барысын халықаралық бақылаушылар мен еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалайды. Сайлау учаскесіндегі сіздің дауысыңыз қоғамдық өмірдің әділ әрі түсінікті жаңа ережелерін айқындауда маңызды және шешуші рөл атқаруы мүмкін. Сіз сайлау учаскесіне келу арқылы халқымыздың бірлігі мен ынтымағы мығым екенін көрсетесіз», - деді Мемлекет басшысы республикалық телеарналар арқылы ел халқына жолдаған үндеуінде.
Президенттің атап атап өтуінше, бұрын-соңды болмаған құбылмалы геостратегиялық жағдайда және еліміздің алдында тұрған күрделі міндеттерді орындау үшін біздің бірлігіміз бекем, ынтымағымыз берік болуға тиіс.
«Шынайы демократия әрбір азаматтың ортақ іске белсенді әрі саналы түрде қатысуын білдіреді. Сіз жаңа түзетулерге дауыс бере отырып, жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа, саясат пен экономикадағы монополияға батыл қарсы шығасыз. Құрметті отандастар, сіздерді тарихи таңдау жасауға шақырамын. Өйткені, бұл Қазақстанның даму бағдарын айқындайды. Әрқайсыңыз біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлшегісіз және тұтас ұлттың болашағына ықпал ете аласыз. Демек, бұл – өз тағдырыңыз деген сөз. Отанымыздың тағдыры сіздерге байланысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.