Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Өзіңізге қуаныш сыйлайтын іспен айналысу – бұл өміріңізді мағыналы әрі мәнді етуге жол ашады. Сүйікті ісіңізді дұрыс таңдай білу, оған толық беріле отырып, ішкі қалауыңызды жүзеге асыру — бұл әр адамның қолынан келеді. Дегенмен, мұның бәрі таудай талап пен табандылықты, сондай-ақ өз ісіңізге деген адалдықты қажет етеді. Кәсібін табысты жүргізіп отырған адамдар осылай дейді. Ал бүгінгі кейіпкеріміз бұл тұрғыда не дейді екен? Dauletten.kz сайты сіздерді өз кәсібін дөңгелетіп отырған еңбекқор жанмен таныстырмақ. Егер кәсіп бастаймын деген ниетте жүрген болсаңыз, мақаланы соңына дейін оқуға кеңес беремін.
Естеріңізде болса, осыдан 2 жыл бұрын бес айлық сәбиін ұстап, бір қолымен көлік басқарып, такси қызметін атқарған астаналық әйел көптің назарын өзіне аударған еді. Оның әрекеті жұртты таңғалдырып, желіде қызу талқыға түсті. Сол уақытта қазақстандықтар Әселді жалғыз қалдырмады, әркім өз қолынан келгенше қолдау көрсетті. Содан бері Әсел екі перзентінің қамы үшін түрлі салада тоқтаусыз еңбек етіп, өзін сынап келеді.
Әсел Жамбыл облысының тумасы. Жастайынан суретке жақын болған арманшыл қыздың анасы перзентінің ұстаздық жолға түскенін қалаған. Ата-ананың сөзін құп көрген Әсел Тараз қалалық гуманитарлық колледжке бастауыш сынып мұғалімі мамандығына оқуға түсті. Кейіпкеріміз төрт жылдық оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң арман қуып Астанаға келген екен.
- Қалаға келген соң мамандығым бойынша қызмет ете алмадым. Басқа салаларда жұмыс жасап, күн көріп кеттім. Осылай жүргенде уақыт деген зымырап өте шығыпты. Суретке деген қызығушылығым да менен алыстап, артта қалып қойды, - дейді кейіпкеріміз.
Әсел тек суретке емес, қазақтың қара домбырасында ойғанды да ерекше жақсы көреді екен.
- Құрылыс саласында жұмыс істеген кездерім де болды. Сол шақтарда «осы қабырғаға сурет салсам ғой, шіркін» деп армандайтынмын. Сол кездерде рухани байығым келетін. Шығармашылық бағыттың жоқтығы қатты білінетін. Содан бір уақытта бір арманымды да жүзеге асырдым. Қабырғаларға сурет салып, өзімді сынап көрдім. Іште ұйықтап жатқан талантымды қайта ояттым десем де болады, - деді ол.
Жоғарыда айтқанымдай, кейіпкеріміз әрқашан екі қолға бір күрек табатын еңбекқор жан. Ол тоқтаған жоқ. Ізденуден жалыққан жоқ. Өзіне жаңа бағыттарды үйренуді мақсат етті.
Асел соңғы уақыттарда киімге сурет немесе жазуларды басумен айналысып жүр. Бұл әдіс негізі арнайы техникамен жүзеге асады. Алайда Әсел қазіргі уақытта мұның бәрін қолмен дайындап жүр. Оның еңбегі бүгінде өз жемісін беріп келеді. Қолмен сурет салу және киімге ерекше жазулар мен бейнелерді басу ісі - оның сүйікті ісіне айналған. Ол тек суретпен шектелмей, өзінің шеберлігін жаңа деңгейге көтеруге күш салуда. Қазір ол өз клиенттеріне ерекше дизайндар мен идеялар ұсынады. Әселдің айтуынша, әрбір жұмысы – оның ішкі дүниесінің көрінісі.
– Мен жасаған әрбір сурет мен үшін ерекше мағынаға ие. Клиенттің қалауына сәйкес жасалған бұйымды көргендегі олардың қуанышы – менің ең басты жетістігім, - дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Әсел жеке тапсырыстар қабылдап, өзінің кәсібін дамытуға бар күшін жұмсап жүр. Оның өнер туындылары адамдарды бірден баурап алатын ерекше эстетикаға ие. Әселдің айтуынша, бұл кәсіп тек табыс көзі емес, оның өмірдегі миссиясы.
Киімге сурет салу мен жазу басу қалай жүзеге асады?
1. Идеяны ойластыру:
Әсел алдымен тапсырыс берушінің қалауын мұқият тыңдап, қандай сурет немесе жазу қажет екенін анықтайды. Клиенттің стилі мен талғамына сай, ерекше идеялар ұсынады.
2. Қажетті материалдарды таңдау:
Бұл жұмыс үшін сапалы бояулар, арнайы маркерлер, матаға арналған лактар және текстильді өңдеуге қажетті құралдар қажет. Әсел көбіне:
• Акрил бояуларын;
• Маталарға арналған термобояуларды;
• Сызғыштар мен түрлі-түсті маркерлерді пайдаланады.
3. Сурет салу:
Әсел әрбір суретті қолмен салатындықтан, бұл процесс шыдамдылық пен шығармашылықты талап етеді. Киімнің матасына байланысты бояу жағу әдісі мен сурет техникасы әртүрлі болады. Ол:
• Алдымен қарындашпен эскиз салады;
• Бояуларды біртіндеп жаға отырып, реңктердің үйлесімділігін қадағалайды;
• Соңғы кезеңде арнайы лакпен немесе термиялық өңдеумен суретті бекітеді.
4. Жазуларды қолдану:
Әсел жазуларды салу кезінде ерекше шрифтерді қолданады. Кейбір жазулар граффити стилінде жасалса, кейбірі классикалық стильде болады. Жазулардың ұзақ сақталуы үшін бояу бірнеше қабат жағылып, мата жоғары температурада өңделеді.
5. Өнімді тапсыру:
Дайын болған бұйымды Әсел мұқият қаптап, клиентке жеткізеді. Клиенттен кері байланыс алу оның жұмысындағы маңызды қадамдардың бірі.
Неге Әселдің жұмысы ерекше?
Әселдің ең басты ерекшелігі – оның әрбір жұмысы қайталанбас еңбек. Ол өз клиенттерінің қалауын шығармашылықпен үйлестіріп, дайын өнімнің ерекше көрінуін қамтамасыз етеді. Әрбір сурет, әрбір жазу – бұл Әселдің өнерге деген махаббатының көрінісі.
Егер сіз де өз гардеробыңызға ерекше нәрсе қосуды армандасаңыз, кейіпкеріміз бір айлық тегін курс өткізуге, біліммен, білгенімен бөлісуге әбден дайын. Оның жасаған бұйымдары күнделікті өміріңізді жарқын әрі ерекше ететіні сөзсіз!
Әселдің өмірге деген талпынысы мен еңбексүйгіштігі – көпке үлгі. Оның мысалы сізді де сүйікті ісіңізді бастауға шабыттандырсын. Өзіңізге сеніп, алға қадам жасаңыз. Қолдайық, шабыттандырайық, бір-бірімізге демеу болайық!