Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
2025 жылғы 20 қазаннан бастап Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау басталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Үнемделген қаражат есебінен 9 өңірде барлығы 270 грант беру жоспарланып отыр. Гранттар Абай, Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындарына қолжетімді болады.
Гранттар қайтарымсыз негізде беріліп, олардың мақсаты — жаңа бизнесті ашу және дамыту. Әр үміткер грантты тек бір рет ала алады.
Грант көлемі: 400 АЕК немесе 1 572 800 теңге.
Қаржы нысаналы мақсатта пайдаланылуы тиіс — яғни, құрал-жабдық, еңбек құралдары, технологиялық қондырғылар, ауыл шаруашылығы жануарлары мен өсімдіктерін сатып алу, сондай-ақ орын-жай жалдау ақысына жұмсауға болады.
Тұтынушылық мақсаттарға, кредитті өтеуге немесе тұрғын үй сатып алуға грант қаражатын пайдалануға тыйым салынады.
Өтінім беру үшін үміткер:
• Порталда тіркелуі;
• грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруі;
• бизнес-жоспар үлгісін толтырып, порталға жүктеуі;
• өтініш нысанын ЭЦҚ арқылы қол қоюы қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ азаматтар өтінімді мансап орталықтары мен ХҚКО-ларда бере алады.
Кімдер үміткер бола алады
Гранттар төмендегі санаттағы азаматтарға арналған:
• тіркелген жұмыссыздар;
• жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).
Сонымен қатар үміткерлер мына әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:
• мүгедектігі бар адамдар, қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылғандар.
Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша соңғы 3 жыл ішінде берілген кәсіпкерлік негіздері сертификатыболуы шарт.
Гранттар аудандық және қалалық комиссиялардың шешімімен беріледі. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия алдында таныстырады. Бағалау кезінде бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, қаржылық өміршеңдігі және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті ескеріледі.
Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жолданады. Егер шешім оң болса үміткер банк деректемелерін енгізіп, шартқа электронды түрде қол қояды және қаражатты пайдалану туралы есепті тоқсан сайын онлайн форматта тапсырады.