| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
25 қазан – Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел-жұртқа құттықтау жолдап, ұлттық мерекенің тарихи маңызы мен еліміздің дамуындағы басты құндылықтарға тоқталды.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Республика күнінің қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке екенін атап өтті.
— Біз егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, биік белестерді бағындырдық. Осылайша, еліміздің іргесін бекемдеп, елдігіміздің тұғырын нығайта түстік, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жетістіктеріне тоқталып, еліміздің болашақтағы стратегиялық мақсаттарына ерекше назар аударды. Сондай-ақ білім мен ғылымды дамыту, адал еңбек ету, жауапкершілік пен отаншылдық қасиеттерді нығайту қоғам дамуының маңызды негізі екенін жеткізді.
— Бүгінде білімпаздық, адал еңбек, жоғары жауапкершілік және шынайы отаншылдық қасиеттері халқымыздың болмысына сіңіп, өмірлік дағдысына айналуда, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде бірлік пен келісімнің, заң мен тәртіптің, тазалық пен қоршаған ортаға қамқорлықтың маңыздылығын да ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы құттықтауын ел бірлігі мен жарқын болашаққа арналған ізгі тілегімен түйіндеді.
— Еліміздің шаңырағы биік, ұлтымыздың рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін! Республика күні құтты болсын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Республика күні – елдігімізді ұлықтап, тәуелсіздігіміздің қадірін терең сезінетін, ұлттық бірлігіміз бен отаншылдық рухымызды асқақтататын мерейлі мереке.
Барша Қазақстанның азаматын Республика күнімен құттықтаймыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!