| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударатын азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету тәртібі өзгереді. Тұрғын үй сатып алуға берілетін сертификатты алу үшін жаңа жұмыс орнында кемінде бір жыл еңбек ету қажет. Ал кейбір жағдайда мемлекет көрсетілген көмекті қайтаруды талап етуі мүмкін, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударғысы келетін азаматтарға берілетін мемлекеттік қолдау шараларына жаңа талаптар енгізіледі. Ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Жаңа тәртіп бойынша қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге 1 625 АЕК-ке дейінгі мөлшерде экономикалық мобильділік сертификаты берілуі мүмкін. Бұл 2026 жылғы АЕК мөлшерімен есептегенде шамамен 7 млн теңгеге тең.
Бұдан бөлек, көшіп барған отбасының әр мүшесіне 70 АЕК көлемінде біржолғы төлем қарастырылған. 2026 жылғы есеппен бұл – 302 750 теңге.
Сондай-ақ азаматтарға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер ақысын өтеуге ай сайын көмек беріледі. Өтемақы мөлшері қалада бір адамға 20 АЕК-тен, ауылдық жерде 15 АЕК-тен басталады. Төлем 12 айға дейін тағайындалуы мүмкін.
Мемлекеттік көмек алу үшін қандай талаптар қойылады?
Тұрғын үй сертификатын алу үшін азамат жаңа жұмыс орнында кемінде 12 ай қатарынан еңбек етіп, әлеуметтік аударымдардың төленгенін растауы қажет.
Ал көшуге арналған біржолғы төлемді алу үшін кемінде үш ай, тұрғын үйді жалдау шығындарын өтеу үшін кемінде алты ай жұмыс істеу талап етіледі.
Қандай жағдайда ақшаны қайтаруға тура келеді?
Егер қоныс аударушы бес жыл ішінде белгіленген өңірден өз еркімен кетсе, мемлекет оған төленген қаражатты қайтаруды талап етуі мүмкін.
Сондай-ақ экономикалық мобильділік сертификаты арқылы сатып алынған баспана бес жыл ішінде сатылған жағдайда, оның құнын мемлекетке қайтару қажет. Ал азамат жеке баспана сатып алса, тұрғын үйді жалдау шығындарын өтеуге арналған төлем тоқтатылады.
Жұмыс берушілерге де қолдау көрсетіледі
Жаңа ережелер жұмыс берушілерге арналған қолдау шараларын да қамтиды. Басқа өңірден келген қызметкерді кемінде екі жылға жұмысқа қабылдаған жұмыс берушіге 400 АЕК мөлшерінде субсидия берілуі мүмкін. 2026 жылғы есеппен бұл шамамен 1,73 млн теңге.
Баламалы нұсқа ретінде қызметкердің баспана сатып алу шығынының 50 пайызына дейін өтеледі. Алайда төлем мөлшері 1 160 АЕК-тен аспауы керек. Жұмыс беруші осы екі қолдау түрінің бірін таңдай алады.
Жаңа қағидаларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2026 жылғы 13 қазандағы бұйрықпен бекіткен. Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.