| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда Сауда және интеграция және Төтенше жағдайлар министрліктеріндегі кадрлық өзгерістер болды. Үкіметтің қаулысымен Айдар Әбілдабеков пен Батырбек Әбдішев вице-министр қызметінен босатылды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан Үкіметі екі министрліктегі жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты шешім қабылдады. Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков пен Төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Әбдішев қызметінен кетті.
Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, екі кадрлық шешім де тиісті қаулылар арқылы рәсімделген.
Айдар Әбілдабековтің мемлекеттік басқару саласындағы еңбек жолы статистика жүйесінен басталған. Ол 2021–2022 жылдары Алматы қаласының Статистика департаментін басқарды. Кейін Сауда және интеграция министрлігіне ауысып, Сауда комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2022–2023 жылдары комитет басшысының міндетін уақытша атқарған Әбілдабеков 2023 жылдың шілдесінен 2025 жылдың тамызына дейін Сауда комитетін басқарды. Сол жылдың тамызынан бастап министрлікте вице-министр лауазымында жұмыс істеді.
Ал Батырбек Әбдішев 1977 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ол Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғары шекаралық командалық училищесін тәмамдаған. Еңбек жолында арнайы мемлекеттік органдар мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарған.
Әбдішевтің мемлекеттік қызметтегі өтілі 20 жылдан асады. 2024 жылдың сәуірінен бері Төтенше жағдайлар вице-министрі болды.
Қазір екі лауазымның да орны босап отыр. Үкімет қаулысында шенеуніктердің қызметтен босатылғаны көрсетілгенімен, олардың бұдан кейін қай қызметке тағайындалатыны әзірге жарияланған жоқ.