Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстандық киноөндірістің жаңа туындысы — "Жұмбақ қыз" фильмі бүгіннен бастап барлық кинотеатрда көрсетіледі, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Фильмнің режиссері – Мақсат Оспанов, Бас продюсері – Толқын Сейдоллақызы, басты рөлдерде Ақнұр Рахат, Қуаныш Құдайберген, Меруерт Кульсартова, Ақерке Арыс, Нұрдәулет Шертім.
Сюжет желісі қандай?
Әкесі өмірден өткеннен кейін Айару күйзеліске түсіп, өзін жоғалтып алады. Құмар ойынға қызыға бастағанын көрген анасы мен ағасы қатаң шара қолданып, оны ауылға – әкесі негізін қалаған фермаға жібереді.
Ауылдың тыныш атмосферасы мен еңбектің ырғағы Айарудың жанын емдеп, жаңа күш береді. Ол ферма жұмысын қолға алып, қайтадан шат көңіл бола бастайды. Уақыт өте келе жүрегіне махаббат ұялайды. Алайда бұл сезім ауылдағы басқа бір қарым-қатынаспен тоғысып, күрделі шешімге алып келеді.
Фильмде махаббат пен сенім, отбасылық құндылықтар мен өмірлік таңдау мәселелері көрініс тапқан.
- "Жұмбақ қызды" біздің шығармашылық топ пен актерлық құрам 9 ай толғатып, толғанып, жүрегіне, санасына салып жарыққа шығарды. Көрерменге ұнайды деген сенімдемін, — деді Бас продюсер Толқын Сейдоллақызы.
Актриса Ақнұр Рахаттың айтуынша, фильм 30-дан астам локацияда түсірілген.
- Туындыда комедиялық элементтермен қатар мағыналы, ой салатын тұстар бар. Жанры романтикалық комедия болғанымен, негізгі желісі махаббат тақырыбына құрылған. Бұл - көрерменге жылы сезім сыйлайтын фильм, - деді ол.
"Жұмбақ қыз" — қазақ киносының жаңа толқынындағы тың туынды. Әсерлі оқиға мен актерлердің шынайы ойыны көрерменге ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз. Олай болса, ерекше туындыны үлкен экраннан бірге тамашалайық! Отандық туындыны бірге қолдайық!