| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматыны технологиялық хабқа айналдыру жобасы басталды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Алматы қаласында IT саласын дамытуға бағытталған екі ірі жоба жүзеге асырылмақ. Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда қолданыстағы ғимараттардың бірі жөндеуден өткізіліп, онда отандық және шетелдік технологиялық компаниялардың кеңселері орналастырылады.
Әкімдік өкілі Олжас Смағұловтың айтуынша, жаңа форматтағы орталық тәулік бойы жұмыс істейтін ашық кеңсе жүйесі ретінде ұйымдастырылады. Мұнда мамандарға еркін жұмыс істеуге, демалуға және уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беріледі.
- Экожүйе дегеніміз – үнемі ашық болатын, жұмыс пен демалыс қатар жүретін орта. Open office форматында кез келген уақытта келіп жұмыс істеуге болады, – деді ол.
Сонымен қатар Алматыда ауқымды IT-парк салу жоспарланған. Жоба шамамен 70 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Бұл алаңға ірі халықаралық технологиялық компаниялармен қатар, жергілікті стартаптар да тартылады.
Қала билігінің айтуынша, екі жоба да биыл іске қосылады деп күтілуде. Сонымен бірге IT саласына қажетті мамандарды даярлау үшін арнайы білім беру бағдарламалары енгізіледі.
Олардың қатарында ересектерге арналған AI-бағыттағы курс және жас таланттарға арналған оқыту жобалары бар.
Бұдан бөлек, әкімдік жанынан технологиялық бағыттағы жаңа компания құру жоспарланып отыр. Ол серіктестермен бірлесіп жұмыс істемек.
Олжас Смағұловтың айтуынша, бұл құрылымның нақты форматы әзірге ашық айтылмайды, алайда мұндай ұйымдар IT экожүйені дамыту үшін қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қорғаныс саласына арналған инновациялық шешімдер әзірлейтін Defense Tech IT Park орталығы іске қосылған болатын. Бұл жоба отандық технологияларды дамытуға және оларды қауіпсіздік саласына енгізуге бағытталған.