Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ақтөбе тұрғыны екі жылдан бері өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр. Бота Қартбаева учаскелік полицейдің қателігінен қайтыс болғандардың тізіміне еніп кеткен. Енді ол емдеу мекемелеріне қарала алмайды, соның кесірінен жұмысқа да орналаса алмаған, деп хабарлайды Dauletten.kz, Qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап.
38 жастағы келіншектің жеке куәлігі де, басқа құжаттары да түгел. Алайда, қазір қайтыс болған адамдардың тізімінде. Айтуынша, екі жыл бұрын Темір ауданында болған жол апаты кезінде қаза тапқан әйелдің орнына осы азаматшаның жеке мәліметтері тіркеліп кеткен.
«Учасковыйлардың қатесі. Жеке мәліметті толтырғанда, менің жеке мәліметімді толтырып жіберген. Менің фамилияммен бірдей, қайтыс болған кезде менің жеке мәліметімді тіркеп жібереді. Жұмысқа тұра алмаймын. Медасмотрдан өте алмаймын. Ауруханаға барсам өлгендердің қатарында тұрсың деп қарамайды», - дейді Өрлеу ауылының тұрғыны Бота Қартбаева.
Ботаның алты баласы бар. 2022 жылдың басында мемлекеттен берілетін жәрдемақы да уақытша тоқтап қалыпты. Дегенмен оны кейін қалпына келтірді. Ал өзі медицина мекемелеріне әлі күнге дейін тіркеле алмай жүр. Қарғалы қалалық ауруханасының мамандары көмек қолын созуға ниеттенген. Денсаулық сақтау басқармасы мен министрлікке бірнеше мәрте хат та жолдаған. Алайда, әзірге нәтиже жоқ.
«Электронды денсаулық сақтауды дамыту депараментінен келген жауап бойынша, Қартбаеваның туыстарына, жеке жолдасына оның қайтыс болғандығын алып тастау үшін әділет орындарына жүгінуі тиістігін немесе мәселені сот арқылы шешу керектігін айтқан болатынбыз», - дейді Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күмісай Байболатова.
Бұл ұсынысқа Бота Қартбаева басқаның жіберген қателігі үшін қорғаушы жалдап, қаржысы мен уақытын жоғалтқысы келмейтінін алға тартты. Облыстық полиция департаментінің өкілдері барлық инстанцияларға нақты сауалнамалық деректер жіберілгенін хабарлады. Көп балалы ананың жеке деректеріне өзгеріс енгізу үшін денсаулық сақтау министрлігіне хат жолданған.