Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Еліміздегі кейбір базар басшылары саудагерлерге өз талаптарын қойып, бағаны да өздері белгілейтіні анықталды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков мәлім етті.
«Ел аумағындағы 114 сауда базарының қызметіне тексеру жүрді. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталды, оның ішінде салық заңнамасының бұзылуы да бар. Сауда саласындағы тағы бір проблема - касса аппаратының болмауы және санитарлық талаптардың тиісті деңгейде сақталмауы. Базарлар қызметін тексерудің нәтижесі сауда саласына қатысты заңнамаға өзгеріс енгізу талап етілетінін көрсетті. Бұл шара еліміз бойынша сауда саласын бір тәртіпке келтіру мақсатында жүргізілмек. Сонымен қатар, базар иелеріне жеке жауапкершілік жүктемекпіз. Себебі, көп жағдайда базар иелері: «Мен сауда орнын жалға берушімін, бағаға қатысым жоқ», - дейді. Міне, осы орайда жауапкершілік керек», - деді Айдар Әбілдабеков орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың баға тұрақтылығын сақтау жолында 2022-2024 жылдарға 67 іс-шара қарастырылған. Соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған 31 шара бар.
«Өткен аптада өңірлік әкімдіктер азық-түлік бағасын қолдан өсірген 231 фактіні анықтады. Кейбір сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 40 пайызға дейін қымбаттап жатады. Түсіндіру жұмыстарынан соң кейбір сауда нүктелері бағаны бірден түсіреді. Жалпы, азық-түлік бағасын өсірмей, тұрақтылықты сақтау үшін Үкімет бекіткен бірқатар шара атқарылып жатыр», - дейді Айдар Әбілдабеков.