| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Бүгіннен бастап Қазақстандағы республикалық маңызы бар тағы үш тасжолда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жаңа бақылау жүйесі Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал бағыттарындағы автомобиль жолдарында енгізіледі.
Орташа жылдамдық қалай есептеледі?
Жүйе көлік құралының бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын автоматты түрде тіркейді. Осы мәліметтер негізінде жүріп өткен арақашықтық пен уақыт есептеліп, автокөліктің орташа жылдамдығы анықталады.
Демек, жүргізушілердің камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендетуі жеткіліксіз. Белгіленген жылдамдық режимін жолдың бүкіл бақыланатын бөлігінде сақтау қажет.
ІІМ мәліметінше, қала сыртындағы жолдарда, әсіресе қозғалыс қарқыны төмен әрі жол түзу болған жағдайда жүргізушілер жылдамдықты байқамай асырып жіберуі мүмкін. Ал жоғары жылдамдық ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі саналады.
Сондай-ақ министрлік қараша айында ауа райының құбылмалы болатынын еске салды. Күннің ерте батуы, көктайғақ, тұман мен қар жол қозғалысын қиындатып, апат қаупін арттыруы мүмкін.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, жол және ауа райы жағдайына қарай қауіпсіз жылдамдықты таңдауға шақырды.