Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанның жаңа тағайыналған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова омбы қарда шақыртуға жаяу барған фельдшерлердің еңбегін бағалап, алғыс айтты.
Ақтөбе облысы Хромтау ауданында жүрегі сыр берген науқасқа барған фельдшерлердің еңбегін министрдің өзі бағалады. Сол күні жедел жәрдем бригадасының көлігі қар басқан көшеге кіре алмай, үш маман жарты жолда жаяу шыққан. Боранды күні омбылап, ұзақ жүруге тура келген. Олардың бұл еңбегі еленді.
«Кез келген ауа райында, аяз бен боранда, жол жоқ жерде жедел жәрдем бригадалары төтенше жағдайларға қарамастан адамдардың өмірін сақтап қалу қажет миллиондаған шақыртуға қызмет көрсетеді. Осындай батырлардың қатарында – Хромтау ауданының жедел жәрдем фельдшерлері Құдияров Бауыржан Сұлтанханұлы, Тілеу Қайрат Берікұлы, Рысбай Сая Ыбырайқызы бар. Олар омбы қарға қарамастан жүрек ұстамасымен ауыратын науқасқа жетіп, өздерінің асыл кәсібіне адалдықтары мен күш-жігерлерін танытты. Дәрігерлердің айтуынша, сол жерде кардиограмма жасалып, ұсынымдар берілді, сәтін салғанда пациент емдеуге жатқызуды қажет етпеді. Денсаулық сақтау министрлігі Хромтау ауданының жедел жәрдем бригадасы фельдшерлерінің қажырлы еңбегін атап өтеді. Әртүрлі қиындықтарды жеңе отырып, науқастардың өмірін сақтап қалатын барлық медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз»,- деп жазды Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, Ақтөбе облысы Хромтау ауданында жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа қар кешіп, жаяу барған еді.