Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Таяу арада «Салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту, денсаулық мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттыру жөніндегі» Жол картасы бекітілмек. Аталған жоспарды Денсаулық сақтау министрлігі көпшілік талқылауға шығарды, деп хабарлайды Dauletten.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жобаның мақсаты – салауатты өмір салты қызметін дамыту бойынша қойылған іс-шараларды іске асыру. Бұл - салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың үлесін арттыруға, мінез-құлық қауіп факторларының (темекі шегу, семіздік) таралуын азайтуға, денсаулық мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттыруға, жұқпалы емес аурулардан болатын өлімді азайтуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді», - деп көрсетілген «Ашық» НҚА порталында жарияланған құжатта.
Ол негізгі 9 бағытты қамтиды:
1. Денсаулықтың профилактикасы мен қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру;
2. Салауатты және ұтымды тамақтануға жәрдемдесу;
3. Дене белсенділігі мен спортты дамыту;
4. Темекі бұйымдарын, алкоголь өнімін және ПБЗ тұтынуды қысқарту;
5. Психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау;
6. Жарақаттануды азайту;
7. Ғылыми-талдамалық сүйемелдеу;
8. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жобаларын іске асыру;
9. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету деңгейінде салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Құжатта жазылғандай, жоспар бойынша мына жұмыстар атқарылады:
- құрамында қант, май, тұзы көп өнімдерді жарнамалауға шектеулер жөнінде ұсыныстар жасау;
- пайдалы (құрамында тұз, май, қанты аз) ұлттық тағамдарға арналған рецептілер кітабын әзірлеу;
- 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың дұрыс тамақтануы бойынша ұлттық ұсыныстарды әзірлеу;
- «Салауатты асхана», «Салауатты кафетерийлер», «Салауатты бистро», «Салауатты дүкендер» атты дұрыс тамақтану бойынша кәсіпорындар желісін дамыту (2023 жыл – 9 кәсіпорын, 2024 жыл – 13 кәсіпорын, 2025 жыл – 17 кәсіпорын);
- БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялай отырып, құрамында қант бар сусындарды, құрамында тұзы көп өнімдерді тұтынуды азайту бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жөніндегі медиа-жоспарды әзірлеу;
- салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған Е-СӨС (Е-салауатты өмір салты) электрондық платформасын жасау;
- жалпы білім беретін мектептерде, еңбек ұжымдарында жаттығулар кешені бағдарламаларын енгізу;
- темекі шегуден бас тарту жөнінде мобильдік қосымша әзірлеу және енгізу;
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «СОЅІ» бастамасы шеңберінде балалардың семіздігін эпидемиологиялық қадағалау бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізу.
Осы жұмыстарды атқару шеңберінде төмендегі нәтижелерге қол жеткізу көзделген:
- салауатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан азаматтарының үлесін 2025 жылға қарай 30% дейін ұлғайту;
- Қазақстан халқы арасында 15 жастан бастап темекі шегудің таралуын 2025 жылға қарай 19% дейін төмендету;
- балалар арасында (0-14 жас) семіздікпен аурушаңдықты 2025 жылға қарай 100 мың халыққа шаққанда 90% дейін төмендету;
- азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылы 71, 37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту.
Жол картасы 27 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.
Фото: Ашық дереккөзден