Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астана әкімдігінің 12 маусымдағы №511-1116 қаулысына сәйкес 6 мектепке ұлы тұлғалардың есімі берілді. Бұл туралы Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мәлім етті, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қаулы бойынша төмендегі мектептерге ірі тұлғалардың есімі берілді:
№1 мектеп-лицейге небәрі 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің есімі берілді.
№70 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімі берілді. Ол Халық ағарту комиссары болып, ұлттық мәдениетімізді жаңғыртуға, жастардың білім алуына көп жағдай жасады. Қазақ жерінің шекарасын белгілеу ісіне белсене араласып, ел мүддесі жолында көп қызмет етті.
№92 мектеп-лицейге геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ақжан Әл-Машанидің аты берілді. Ол геология, минералогия ғылымдарымен шұғылданумен қатар, ұлы ұстаз, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиді зерттеп, көп ғылыми дерек қалдырға.
№65 мектеп-гимназияға Алаш қозғалысының белді мүшесі, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді. Ол – өзінің отты жырларымен және нақты істерімен халықтың рухын оятуға, азаттық жолындағы арман-мұраттарын іске асыруға жан-тәнімен қызмет етіп, аяусыз режимнің құрбанына айналған тұлға.
№88 мектеп-лицейге Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің есімі берілді. Ол – 50-ден астам поэзиялық жинақтың авторы. Көп жыл бойы балалар әдебиетінің дамуына үлес қосқан. Әлемдік классиктердің шығармаларын қазақ тіліне аударса, өзінің біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне аударылды.
№1 өнер мектебіне қазақтың әйгілі күйші-композиторы, домбырашы, шертпе күй мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі Тәттімбет Қазанғапұлының есімі берілді. Тәттімбеттің бізге 40-тан астам күйі жеткен. Туындылары қазақ күй өнерінің алтын қазынасы саналады.