Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды ресімдей алады. Бұл үшін мемлекет “Еурохаттама” арнайы мобильді қосымшасын әзірледі, – деп хабарлайды Dauletten.kz, Polisia.kz сілтеме жасап.
Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.
“Еурохаттама” арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:
1) Жол- көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;
2) Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;
3) Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол 369 мың теңге.
Осындай тәртіпте жол-көлік оқиғасын ресімдеу үшін мобильді телефонға “Еурохаттама” қосымшасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасының қатысушылары жақын жердегі полиция нарядына жүгіне алады, олар оны пайдалану кезінде көмек көрсетеді.
“Еурохаттаманың” артықшылығы неде:
Біріншіден. Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді.
Екіншіден. Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Үшіншіден. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.