Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілеріне үндеу жасады
08.11.2024
1 мин
0
641
Сурет: taxisolnce
Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілеріне жолда абай болуға шақырды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанның түрлі аймақтарында ауа райының нашарлауына байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға сақтық шараларын ұстануды ескертті.
- Ауа райының күрт өзгеруіне орай жолдарда көріну төмендеуі мүмкін, мұзды және тайғақ жерлер қауіпті жағдайларға алып келуі ықтимал. Сондай-ақ, ауа райының нашарлауы көлікке де кері әсерін тигізуі мүмкін, - деп ескертті ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Ведомство бірқатар ұсыныстар берді:
Көліктің техникалық жағдайын, тежегіш жүйесін тексеріңіз.
Терезе тазалағыштарды және сұйықтық деңгейін бақылаңыз!
Қысқы шиналарды қолданыңыз – бұл жолда қауіпсіздікті арттырады және тайғақ жерде жақсы ұстайды.
Техникалық регламент бойынша қысқы кезеңде қысқы шиналарсыз көлікті пайдалануға тыйым салынады!
Қашықтықты сақтаңыз! Әсіресе қыс мезгілінде алдындағы көлікпен ара қашықтықты ұзақ ұстаңыз, себебі тайғақта тежегіш жолы бірнеше есе ұзарады.
Жол қозғалысына қатысушылардың барлығына абай болыңыз! Жаяу жүргіншілерге де назар аударыңыз. Есіңізде болсын, кішігірім қателік үлкен апатқа әкелуі мүмкін.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты жылдамдықты шамадан тыс арттырмаңыз, себебі бұл көлікті бақылауды жоғалтуға себеп болуы мүмкін.
Жолды алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамын қадағалап, қала сыртындағы жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды бақылаңыз.
Егер жолдар жабық болса, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеңіз.
- Құрметті жол қозғалысына қатысушылар! Жол ережелерін сақтау – сіздің жауапкершілігіңіз. Өзіңіздің және өзгенің өміріне немқұрайлы қарамаңыз. Жолдағы қауіпсіздік пен ережелерді сақтау өзіңізден басталады. Үйде сізді жақындарыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыз! – деп атап өтті Боранова.