| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда жалдамалы баспана қолжетімсіз бола бастады. Соңғы бір жылда пәтер жалдау құны күрт өсіп, кей өңірлерде баға 40 пайыздан асып кеткен, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда жалдамалы тұрғын үй бағасы шарықтап барады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы бір жыл ішінде пәтер жалдау құны ел бойынша орта есеппен 13 пайызға өскен. Қазір республика бойынша тұрғын үйді жалдаудың орташа бағасы бір шаршы метр үшін 5 мың теңгеден асып отыр.
Ең жоғары көрсеткіштер Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Алайда бағаның өсуі тек мегаполистермен шектелмейді. Өңірлерде де айтарлықтай қымбаттау байқалады. Мәселен, Павлодарда жалдамалы баспана құны бір жылда 42,9 пайызға артса, Петропавлда – 41 пайыз, Ақтөбеде – 30,4 пайыз, Өскеменде – 23,1 пайызға өскен. Көкшетауда өсім 8,5 пайызды құраса, Қонаев қаласында 3,3 пайызға қымбаттаған.
Сарапшылардың айтуынша, бағаның бұлай өсуіне сұраныстың артуы, тұрғын үй нарығындағы ұсыныстың шектеулі болуы және инфляциялық факторлар әсер етіп отыр. Бұл жағдай әсіресе жалдамалы пәтерде тұратын азаматтар үшін қаржылық жүктемені күшейтіп, тұрғын үй мәселесін елдегі басты әлеуметтік проблемалардың біріне айналдырып отыр.