Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Осы жылдан бастап колледж оқытушылары біліктілік санаттарын көтеріп, біліктілік санаты берілгеннен кейін лауазымдық жалақысының 30-дан 50 процентіне дейін қосымша ақы алатын болады.
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов техникалық және кәсіптік білім берудің 80 жылдығына арналған іс-шара барысында мәлімдеді.
Ведомство басшысының айтуынша, бұған дейін біліктілік санаттары үшін қосымша төлемдерді тек мектеп мұғалімдері алған болатын. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануымен колледж педагогтері де біліктілік санаты берілгеннен кейін ай сайын қосымша ақы алатын болады.
«2020 жылдың қаңтар айынан бастап колледж педагогтердің жалақысы артты, алдағы жылдары да арта түспек. Біліктілік санаты үшін қосымша ақы төлеу мәселесі көп жылдар бойы көтерілген болатын. Егер мектептерде мұғалімдер біліктілік санаттары үшін қосымша ақы алса, колледждерде мұндай үрдіс болған жоқ. Енді колледж оқытушылары да ай сайын лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады», — деді министр.
Өз кезегінде колледж директорлары мен директор орынбасарларының атқарған жұмысының тиімділігіне байланысты өз жалақысының 100 процентіне дейін қосымша ақы алу мүмкіндігі бар.
Колледждерді сұранысқа ие 100 мамандық бойынша жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу мақсатында «Жас маман» республикалық жобасы іске асырылып жатқаны белгілі.
«Бағдарлама еліміздің 180 колледжінде жүзеге асырыла бастады. Осы ретте тек техникалық құрал-жабдық сатып алу ғана емес, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын жаңарту да жоспарланған», – деді ведомство басшысы.