Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
2024 жылы ҚазҰАЗУ базасында ат спорты мамандарын даярлау бағытандағы білім беру бағдарламасы енгізіледі, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұл туралы бүгін ҚР ҰҒА Вице-президенті, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректор Ақылбек Күрішбаев пен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Вице-президенті – Бас хатшысы Тастанбек Есентаевтың арасындағы Келісім-шартқа қол қою рәсімінде айтылды.
Бүгінде Қазақстанда ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда және бұл қатарда ат спорты да бар. Алайда, ат спортын әлемдік деңгейге шығару бағытында кәсіби мамандарды, соның ішінде жылқы баптау жөніндегі ветеринарларды дайындаудың жетіспеуі – күрделі мәселелердің бірі болып отыр.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Вице-президенті – Бас хатшысы Тастанбек Есентаевтың айтуы бойынша Ұлттық спорт түрлерінің ішінде 6-уы осы жылқымен байланысты. Оның ішінде, аламан бәйге, көкпар, аударыспақ т.б. атүстілік сайыстар – спортқа пайдаланатын жылқыға үлкен сын. Мұнда жарысқа қосылған аттың шабыстылығы, жүйріктілігі, қарқындылығы, ұшқырлығы барлық жағынан нақтылы сыналады. Оның төзімділігі мен шыдамдылығы, күші мен қайраты, ептілігі мен батылдығы, бапталуы мен жаратылуы, тіптен оның қайсарлығына дейін айқындалады.
«Бұл тарихи сәт! Ұлттық спорттың құрамындағы осы сала бойынша маманданған ветеринарларды дайындау мәселесін ҚазҰАЗУ басшылығының бірінші болып қолдағанына алғыс білдіреміз. Ат спортындағы білім беру бағдарламасын бірлесе жасау, осы сала бойынша кәсіби мамандар даярлау елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Біздер осы бірлескен жобадан көп үміт күтеміз», - деді Тастанбек Құтжанұлы.
Талқыланған тақырып бойынша, Зауыттық жылқылар тұқымдары бойынша Республикалық Палатасының вице-президенті Александр Сухоруков, ҚХР Тарым университетінің профессоры Ғымыңгүл Мұқатай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының директор-сарапшысы Қуандық Құдайбергенов, ҚазҰАЗУ-дың ғалым мамандары – в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов, э.ғ.к. профессор Айнұр Қайырбаева, в.ғ.д., профессор Мардан Жоламанов, а/ш ғ.д., профессор Шолпан Адылканова, а/ш.ғ.к., қауымдастырылған профессор Қайрат Ихсан өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Қабылданған шешім бойынша ат спортындағы білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді оқыту 2024 оқу жылының 1 қыркүйегінен басталатын болып жоспарланды.
Айта кетейік, Ұлттық спорт қауымдастығы құрамына «Теңге ілу», «Садақ ату», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік» және «Асық ату» спорт түрлері бойынша 9 ұлттық спорт түрінен республикалық федерация кіреді. Ұлттық спорт қауымдастығының президенті – кәсіпкер, белгілі меценат Исламбек Салжанов.