Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді. Санақ "Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!" ұраны аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ұлттық статистика бюросы санақты өткізу процесін автоматтандыру және оған заманауи сандық технологияларды енгізу - 2021 жылдың Ұлттық санағының басты жаңалығы болады деп хабарлайды.
Биыл азаматтарға сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше толтыру немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндіктері ұсынылуда.
1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастайды, мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы - интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.
Санақ кезінде қазақстандықтардан не туралы сұрайды
"2021 жылдың ұлттық санағын жүргізу кезінде Қазақстан азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылады. Санақ парақтарындағы сұрақтар тізбесі айтарлықтай ұлғайтылған. Мұнда барлығы 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақтар кірістірілген. Сұрақтардың аясын кеңейтуге Еуропалық санақшылардың 2020 жылғы тұрғын үй қорын және тұрғындар санағын жүргізу жөніндегі ұсыныстары мен ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеттің әдістемелік материалдары негіз болды", - делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.
2021 жылдың ұлттық санағы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді.
Қазақстандықтар ұлттық санаққа алғаш рет онлайн қатыса алады
Ұлттық статистика бюросы хабарлағандай, 2021 жылдың Ұлттық санағын 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz. арнайы сайтында онлайн режимде респонденттердің өздерінің толтыруы арқылы жүргізу жоспарлануда.
Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез-келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады.
Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады.
Мобильді азаматтар үшін "Aitu" мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылатын болады.
2021 жылдың Ұлттық санағы кезінде "1446" бірыңғай call-орталығы жұмыс жасайды деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
"1446" - елдің барлық аумағындағы мобильді және стационар телефондар үшін бірыңғай нөмір болады. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөмірі жұмыс жасайды. Сall-орталыққа қоңырау шалу тегін.