Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев үкімет отырысында көктемгі ауа райы болжамына байланысты жаңартылған мәліметтерді ұсынып, су басу қаупі жоғары аймақтарды атады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Министрдің айтуынша, наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп болжануда, сондай-ақ елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері көп түсуі мүмкін. Бұл өз кезегінде су тасқыны қаупін күшейтеді.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлерге Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары кірді.
Қауіптің орташа деңгейі Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тіркелген.
Тасқын қаупі төмен өңірлер ретінде Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары аталды.
- “Қазгидромет” биыл алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар әзірледі. Онда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейі мен ағысының ең жоғары мәндері, ағын көлемі, сондай-ақ қауіп аймағындағы елді мекендер мен су тасқынының болжамды басталу мерзімдері көрсетілген. Сонымен қатар өткен аптадан бастап “Қазгидромет” апта сайын гидрологиялық болжамдар жариялауда. Егер гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгерсе, “Қазгидромет” ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды, – деді Ерлан Нысанбаев.
Министрдің баяндамасынан кейін премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді.
Су тасқыны кезеңінің басталуына аз уақыт қалды. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы тиіс. Халықты төтенше жағдайлар туралы уақтылы хабардар ететін барлық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толық дайын болуы тиіс. Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ету керек, – деді ол.
Үкімет басшысы жақын арада осы мәселеге қатысты республикалық жедел штабтың отырысын дайындауды тапсырды.