| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жақында ғана жаңғыртылып жатқан Үлкен Алматы өзенінің жағалауындағы гранит плиталардың бір бөлігін су шайып кетті. Әлеуметтік желіде тараған суреттер тұрғындардың наразылығын туғызды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Әлеуметтік желілерде Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан түсірілген фотосуреттер қызу талқыға түсті. Кадрларда жауын-шашыннан кейін өзендегі су деңгейі көтеріліп, жағалаудағы гранит плиталардың орнынан қозғалғаны байқалады.
Желі қолданушыларының айтуынша, бүлінген аумақ Навои көшесіндегі №200 үйдің маңында орналасқан. Кейбір тұрғындар плиталардың астындағы цемент қабатының жұқалығына да назар аударып, атқарылған жұмыстың сапасына күмән келтірді.
Талқыға түскен тағы бір мәселе – өзен үстіндегі уақытша көпір. Әлеуметтік желіде тараған суреттерде оның ағаш тақтайларға сүйеніп тұрғаны көрінеді. Бұл көрініс тұрғындардың сынына ұшырады.
Оқиғаға қатысты Алматы қаласының әкімдігі түсініктеме берді. Әкімдік мәліметінше, бүлінген гранит тақтайшалар реконструкция аясында жаңадан орнатылған элементтер емес.
- 2026 жылдың 1 шілдесінде ауа температурасының күрт көтерілуі мен жауған жауын-шашын салдарынан Үлкен Алматы өзеніндегі су шығыны секундына 8 текше метрге дейін артқан, – деп хабарлады әкімдік.
Ведомствоның мәліметінше, су көлемінің көбеюі Торайғыров көшесінен төмен орналасқан учаскеде бұрыннан бар гранит қаптамасының жекелеген бөліктерінің жылжуына себеп болған.
Қазір мердігер ұйым жағалаудағы плиталарды анкерлік бекіткіштер арқылы қайта нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Әкімдік сондай-ақ реконструкция жобасы әлі аяқталмағанын атап өтті. Нысан пайдалануға берілмеген және тапсырыс беруші тарапынан қабылданбаған. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапасы мен анықталған кемшіліктерді жоюға мердігер ұйым жауап береді.
Айта кетейік, Үлкен Алматы өзенінің №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі 5,7 шақырымдық арнасын реконструкциялау жобасының құны 8 млрд теңгені құрайды. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жобаны «Павлодар өзен порты» АҚ жүзеге асырып жатыр. Келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін жасалған.
Аталған компания бұған дейін Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеу жобасының да мердігері атанған. Ал 2025 жылы Алматы әкімдігі Сайран көлін жаңғырту жұмыстарының мерзімі мен сапасына қатысты осы компанияға сот арқылы талап қойған болатын.
Компания «САН» ЖШС-не тиесілі. Ашық деректерге сәйкес, серіктестіктің құрылтайшыларының бірі – Долорес Пішембаева. Ол бұрынғы Мәжіліс депутаты әрі Президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Мейрам Пішембаевтың қызы.