Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Талғардағы ауруханада ұлдары дәрігерлерді соққыға жыққан марқұм науқасқа қатысты толық мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Талғар орталық аудандық ауруханасы мәліметінше, 64 жастағы ер адам жүрек талмасымен ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы өте ауыр болған.
«Науқас коронарлық патологияға және кардиогенді шокқа байланысты өте ауыр жағдайда түсті. Есінен танып қалған, сұрақтарға жауап бермеді. Туыстарының айтуынша, ауру белгілері оны үш күн бойы мазалаған. Дәрігерге жүгінбеген. Ангинальды ауырсыну күшейгеннен кейін жедел жәрдем шақырған.
Науқасты құрамында кезекші терапевт, невропатолог, реаниматолог бар көпсалалы дәрігерлер бригадасы қарады. Төтенше манипуляциялар, өкінішке қарай, нәтиже бермеді. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде сағат 04:50-де жүрек соғысы тоқтап, 30 минут бойына реанимациялық шаралар жүргізіліп, сағат 05:20-да науқастың биологиялық өлімі анықталды», - делінген хабарламада.
Ауруханадағылар мәйітті туыстарына неге бірден бермегендерін де түсіндірді.
«Ауруханаларда мынадай ереже бар: егер науқас екі сағат ішінде қайтыс болса, біз оның өлімінің себебін анықтау үшін оны полиция бөліміне тапсыруға міндеттіміз. Бұл туралы туыстарына хабарлағанда, олар ашуланды. Олар біз бір нәрсені жасырмақ деп күдіктенді. Бірақ ереже бар, заң бар. Егер науқас алғашқы екі сағат ішінде қайтыс болса, оның себебін анықтауға міндеттіміз», - деп түсіндірді ауруханадағылар.
Дәрігерлер олардан таңғы 8-ге дейін бір сағат күтулерін сұраған. Себебі аталған уақытта қызметкерлер келіп, барлық құжаттарды толтырады. Алайда марқұмның туыстары жансақтау бөлімінің есігін бұзып, жақында соқыр ішекке ота жасалған реаниматолог-анестезиолог пен дәрігерді ұрып-соға бастаған. Сөйтіп, оны тігіс салынған жерінен тепкілеп, мұрнын сындырып, миы шайқалтқан.
«Таяқ жеген реанимациялық дәрігер 27 жаста. Ер адамның жағдайы ауыр. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. 21 жастағы дәрігерде жабық бассүйек-ми жарақаты, бас миының контузиясы, сол жақта самай аймағының жұмсақ тіндерінің контузиясы, мұрын сүйектерінің сынуы диагнозы қойылды»,- делінген хабарламада.
Еске салайық, Талғарда дәрігерді соққыға жыққан екі күдіктіні полиция қызметкерлері ұстаған болатын.