Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев министрліктің туризм мен спортты дамыту саласында қабылдаған шаралары, сондай-ақ 2024 жылға арналған негізгі міндеттері туралы айтты, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Елімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 7,6 млн адам шұғылданады, бұл ел халқының 38,5 пайызын құрайды. Дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасын іске асыруға сәйкес, 2029 жылға қарай ел тұрғындарының жартысын қамту жоспарлануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін дамытуға басымдық беріледі. Осыған байланысты мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру бойынша жұмыстар белсенді жалғасуда. Биыл 250 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдар 43,2 млрд теңге бөлді. Нәтижесінде 220 мың балаға арналған ваучерлер іске қосылды, бұл 6 мыңнан астам спорт секцияcына тегін қатысуға мүмкіндік береді.
Туризм және спорт министрі спортты одан әрі дамыту үшін жаңа стратегиялық реформалар енгізілгенін атап өтті. Мәселен, қазіргі таңда бас жаттықтырушыларды конкурстық негізде тағайындау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы мемлекеттік жаттықтырушылардың мәртебесін арттыру мәселесі талқыланып жатыр. Сонымен қатар, халықаралық спорт ұйымдарында қазақстандық мамандардың өкілдігі және әлемдік деңгейдегі төрешілерді даярлау бойынша жұмыс күшейтіледі. Кәсіби спорт клубтарын ұстауға арналған лимит және спортпен шұғылдану үшін ең төменгі жас бекітіледі.
«Орта мерзімді кезеңде спорттың неғұрлым басым түрлері айқындалады. Бүгінгі таңда елімізде спорттың 180 түрі дамып келеді, олардың тек 59-ы Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан мойындалған. Халықаралық тәжірибе негізінде «тірек» спорты түрлерінің тізімін қайта қарау қажеттігі туындады. Аталған тізімді айқындау кезінде ұлттық спорт түрлеріне нұқсан келтірмей жүзеге асатынын атап өткім келеді», - деді Ермек Маржықпаев.
Туризм саласына тоқталсақ, 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,4 млн адамды құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 552 мыңға көп. Ал шетелдік туристер саны 225 мыңға артып, 835 мың адамға жеткен.
Бұл сала бойынша 2022 жылы 40 млрд теңгеге 138 инвестициялық жоба іске асырылды. Биыл 288 миллиардқа 115 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Аталған жобалар аясында 1,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Туризм саласындағы 2024 жылдың ең басты оқиғаларының бірі – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болмақ. Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің туристік әлеуетін ілгерілету, мәдени тәжірибе алмасу, екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту. Қытайдағы туризм жылы аясында Бейжің қаласында ашылу рәсімі, туризм түрлері (экологиялық, медициналық, агротуризм, қалалық, MICE және ғарыштық туризм) бойынша тақырыптық апталар өткізу, Қытайдың 7 ірі қаласында ТОП-20 отандық дестинациялардың тұсаукесерін жасау жоспарланып отыр», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Бүгінде 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді. 74 ел үшін визасыз режим жаңартылды. Алдағы уақытта бұл тізімді 100-ге дейін арттыру жоспарланып отыр. Министрлік ойын бизнесінің жосықсыз субъектілерімен белсенді күресуде екенін де атап өтті. Мәселен, 2023 жылы сотқа 14 талап-арыз жіберіліп, нәтижесінде 7 букмекерлік кеңсе, 5 тотализатор және 1 ойын автоматтары залы жұмысын тоқтатқан.
Депутаттық корпуспен бірлесіп азаматтарды құмар ойындардан шектеу үшін жас шектеуін 25 жасқа дейін көтеру, букмекер кеңселері, бәс тігу туралы кез келген жарнамаға барлық жерде тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.