| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда азаматтарға зейнетақы жинақтарын толық көлемде өз таңдауы бойынша басқаруға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізілді. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасына жазды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Сенат зейнетақы жинақтарын басқару тәртібіне өзгерістер енгізетін заң нормасын мақұлдады. Енді азаматтар өздерінің міндетті зейнетақы жинақтарының 100 пайызын басқару мәселесін өз бетінше шеше алады.
Жаңа нормаға сәйкес, салымшылар зейнетақы қаражатын бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе толық көлемде инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы.
Бұған дейін азаматтар жинақтарының тек 50 пайызын ғана мұндай компаниялардың басқаруына бере алатын. Енді бұл шектеу алынып тасталды.
Қазіргі таңда міндетті зейнетақы жарналарының негізгі бөлігі Ұлттық банк арқылы инвестицияланады. Ал жаңа мүмкіндік салымшыларға өз қаражатын әртүрлі инвестициялық стратегияларды ұсынатын басқарушы компанияларға орналастыруға жол ашады.
Сонымен қатар, азаматтар жинақтарын бірнеше бағытқа бөліп инвестициялау мүмкіндігіне ие болады. Яғни қаражаттың бір бөлігін жоғары табысты, бірақ тәуекелі жоғары стратегияға, екінші бөлігін орташа тәуекелді бағытқа, ал қалғанын тұрақты әрі сенімді инвестициялық құралдарға орналастыруға мүмкіндік беріледі.
Заңға сәйкес, инвестициялық портфельді басқарушы компаниялар салымшының басқаруға берілген негізгі қаражатының сақталуына кепілдік береді. Сондай-ақ олардың қызметіне Ұлттық банк пен уәкілетті мемлекеттік органдар бақылау жүргізеді.
Жаңа өзгерістер азаматтарға зейнетақы жинақтарын басқаруда кеңірек таңдау мүмкіндігін беріп, инвестициялық шешімдерді өз қалауынша қабылдауға жағдай жасайды.