| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС ережелері жаңартылады. Негізгі мөлшерлеме 16%-ға дейін көтеріледі, кей сала кәсіпкерлеріне жеңілдіктер қарастырылған, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оның басты жаңалығы — қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі мен есептеу тәртібінің жаңаруы.
ҚҚС — тауар немесе қызметтің соңғы бағасына қосылатын жанама салық. Төлеуші — тұтынушы, бірақ есептеу мен бюджетке аудару міндеті кәсіпкерлер мен импорттаушыларға жүктеледі. Кәсіпкер сатып алған тауар немесе қызметке төленген ҚҚС-ты кейін есептен шығарып, тек өз қосқан құны үшін салық төлейді.
Жаңа кодекс бойынша негізгі мөлшерлеме 16%, дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге 5%, 2027 жылдан бастап кей медициналық қызметтер мен отандық мерзімді баспасөзге 10%, ал экспорт, халықаралық тасымал және арнайы экономикалық аймақтар үшін 0% белгіленген.
ҚҚС-тан босатылған операциялар да нақты анықталған. Оған тұрғын үйлерді сату (2026 жылғы 1 қаңтарға дейін басталған немесе пайдалануға берілген), ауыл шаруашылығы өнімдері, арнайы салық режимдері бойынша кей қызметтер, сондай-ақ құмар ойындар мен лотерея қызметтері кіреді.
Ауыл шаруашылығы саласында жеңілдіктер енгізілген: өнім өндірушілер мен кооперативтер есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын 70%-дан 80%-ға дейін арттыра алады.
ҚҚС есепке алу тәртібі де жаңартылады: тауар немесе қызмет нақты алынған күн бойынша есептеледі, импорт тауарлары үшін — босату немесе төлеу күні, ал резидент емес тұлғалар үшін — электронды шот-фактура жазылған күн есепке алынады.
Декларацияны тапсыру мерзімі — тоқсан аяқталғаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кеш емес.
Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерге салықты есептеуді айқын әрі біркелкі жүргізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар кей салаларда жеңілдіктер береді.