| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы облысында көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесіне сот үкімі шықты. Екі жыл жұмыс істеген схемадан мемлекетке 6,6 млрд теңгеден астам шығын келген, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Алматы облысында 800-ден астам автокөлікті заңсыз тіркеуге қойған ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
Сотталғандарға қылмыстағы рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық топ екі жыл бойы қолданыстағы талаптарды айналып өтіп, Қазақстанға әкелінген көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан.
Алдымен 642 жүк көлігі
Схеманың алғашқы кезеңінде техникалық регламент талаптарын бұза отырып елге әкелінген 642 жүк көлігі заңсыз тіркеуден өткен.
Кейін қылмыстық схема жеңіл көліктерге ауысқан. Тергеу материалдарында бұл тәсіл «қосар көліктерді тірілту» деп сипатталған.
Заңсыз әкелінген автокөліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған басқа көліктердің VIN-кодтары берілген. Осы жолмен тағы 209 жеңіл көлік тіркелген.
Схемаға кімдер қатысқан?
Істің назар аударарлық тұсы – заңсыз тіркеу тек жеке тұлғалардың әрекетімен шектелмеген.
ҚМА мәліметінше, схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан.
Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізіп, сондай-ақ жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуге көмектескен.
Нәтижесінде мемлекетке төленбеген алғашқы тіркеу алымының көлемі 5,4 млрд теңге, ал утиль алымы 1,2 млрд теңге болған. Жалпы шығын 6,6 млрд теңгеден асты.
Мемлекетке ақша қайтарылды
Тергеу кезінде көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеген. Соның нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Сонымен бірге сотталғандардың қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Ал іске қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.