| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Сот шешімімен Алматы халықаралық әуежайы 2 162 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігіне қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталған. Дегенмен әуежай жұмысы тоқтатылған жоқ, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Түрксіб ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы 2025 жылғы 11 қарашада әуежайға бірқатар заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Құжатқа сәйкес, барлық кемшілік 2026 жылғы 9 қаңтарға дейін түзетілуі тиіс болған. Алайда жоспардан тыс жүргізілген бақылау тексерісі талаптардың толық орындалмағанын көрсетті.
Атап айтқанда, Air Astana centre 3 ғимаратының батыс жағында контейнерлер ғимараттан 18 метрден жақын орналастырылғаны белгілі болды. Мамандар мұндай орналасу өрт қауіпсіздігі нормаларына қайшы келетінін айтады.
Бұдан бөлек, үй-жайлардың ішкі жоспарлануындағы өзгерістер де сынға ілікті. Соның салдарынан халықаралық T-2 терминалының жүк бөлімінде автоматты өрт дабылы мен өрт сөндіру жүйесінің қамту аймағы қысқарған. Бұл төтенше жағдай туындаған жағдайда қауіптің артуына себеп болуы мүмкін.
Нәтижесінде әуежай Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, 2 162 500 теңге айыппұл салынды.
Сонымен бірге сот қаулысында әуежай қызметін толық тоқтату елеулі әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелуі мүмкін екені атап өтілген. Осы себепті нысан жұмысы жалғасын табады.
Айта кетейік, әуежай – елдегі ең ірі әуе қақпаларының бірі. Сондықтан мұндай қауіпсіздік талаптарына қатысты мәселелер қоғам назарын аударып отыр.