| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Алматы қаласы жастар саясаты басқармасы мен Жетісу ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Human Resources Kazakhstan» жеке мекемесі мен Жетісу ауданының демалыс орталықтарының бірлесіп ұйымдастыруымен «Рух марафон – 2026» спорттық сайысы өтті, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру, дене шынықтыру дағдыларын дамыту, сондай-ақ командалық рухты, өзара сыйластық пен достық қарым-қатынасты қалыптастыру болды.
Марафонға Жетісу ауданының «Өрнек», «Мұстафа», «Алаш», «Ханшайым», «Көкжиек City», «Zhaz Smart» демалыс орталықтарынан 156 жасөспірім қатысып, бірнеше күн бойы түрлі спорттық бағыттар бойынша өзара бақ сынады.

«Рух марафон – 2026» бағдарламасы ұлттық ойындар, футбол, үстел теннисі, стритбол және боулинг сайыстарын қамтыды. Әр спорт түрінде қатысушылар жас ерекшеліктеріне және жарыс форматына сәйкес сынға түсіп, өздерінің жылдамдығын, ептілігін, төзімділігін, дәлдігін және командалық шеберлігін көрсетті.
Ұлттық ойындар кезеңінде қатысушылар бұқа тартыс, асық ату, бес асық және серке көтеру бойынша жарысты. Бұл сайыстар жасөспірімдердің ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттырып, ептілік пен күш-жігерін сынауға мүмкіндік берді.

Футбол жарысында командалар алаңдағы ұйымшылдығы мен тактикалық шеберлігін көрсетсе, стритболда қатысушылар жылдам шешім қабылдау, допты меңгеру және командалық әрекет ету қабілеттерімен ерекшеленді. Үстел теннисінде ойыншылардың дәлдігі, шапшаңдығы мен жеке шеберлігі сыналды.
Боулинг сайысы да марафонның ерекше бағыттарының бірі болды. Қатысушылар командалық форматта өнер көрсетіп, жинаған жалпы ұпай саны бойынша үздіктерді анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша әр спорт түрі мен жас санатында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар мен командалар анықталып, I, II және III орын иегерлері кубоктармен, медальдармен, грамоталармен марапатталып және арнайы силытар табысталды.

Жабылу салтанатында Жетісу ауданы демалыс орталықтарының жаттықтырушылары марапатталып, «Өрнек» «Ханшайым» демалыс орталықтарының оқушылары шығармашылық өнерлерін көрсетті. Шара спорттық бәсекені ғана емес, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін де біріктірген мерекелік алаңға айналды.
Қорытындылай келе, «Рух марафон – 2026» спорттық сайысының нәтижесі бойынша Алматы қаласы Жетісу ауданы демалыс орталықтарының жүлделі орындары анықталды. Жалпы командалық нәтижелер бойынша:
«Көкжиек City» ДО төрт 1-орын, бес 2-орын, үш 3-орын;
«Алаш» ДО екі 1-орын, үш 2-орын, екі 3-орын;
«Zhaz Smart» екі 1-орын, үш 2-орын, бес 3-орын;
«Мұстафа» бір 1-орын, бір 2-орын, үш 3-орын;
«Ханшайым» бір 1-орын;

«Рух марафон – 2026» жобасы балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бос уақытын тиімді өткізуге және демалыс орталықтары арасындағы достық пен командалық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды спорттық бастама болды.
