Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Редакциямызға перзентін уайымдаған ана хабарласып, оқыс оқиғаның мән-жайын айтып, көмек сұрады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Астана қаласының Алматы ауданында Мұстафина көшесі, 21 үйдің ауласында балаға орнатылмаған спорт жабдығы құлап, ауыр жарақат келтірді. Оқиға 2025 осы жылдың 23 тамызында болған.
Куәгерлердің айтуынша, ойын алаңында ешқандай қоршау немесе ескерту белгілері болмаған. Аулада ойнап жүрген баланың үстіне спорт жабдығы құлап, салдарынан ол ауыр жарақат алған. Зардап шеккен бала жедел түрде Астана қалалық №2 көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.
Дәрігерлер балаға аяқ сүйектерінің жабық сынығы, блокталған интрамедуллярлық имплантпен бекіту арқылы репозиция диагнозымен шұғыл ота жасады.
Қазіргі таңда бала ауруханада, аяғы гипсте. Дәрігерлер оның ұзақ оңалтудан өтіп, тұрақты медициналық бақылауда болуы қажет екенін айтқан.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, спорт жабдықтары әкімдіктің тапсырысымен жеткізілген, алайда олар орнатылмай, аулаға қараусыз қалдырылған.
- Ұлым аулада ойнап жүргенде, ешқандай ескерту белгісі жоқ, орнатылмаған жаттығу құрылғысы құлап, оны ауыр жаралады. Сол күні шұғыл түрде ота жасалды. Қазір ұлым гипсте, дәрігерлер ұзақ ем қажет екенін айтты. Алайда бұл жағдайға ешкім жауап беріп отырған жоқ. Оқиға бойынша Алматы аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда нақты кінәлі тұлғалар әлі анықталған жоқ, - дейді баланың анасы.
Жәбірленуші тараптың мәліметінше, жабдықты орнатпаған жеткізуші компания мен әкімдік те өзара жауапкершіліктен бастарын ала қашуда.
Осы оқиғаға байланысты Астана қаласы Алматы ауданының әкімдігінен және Алматы аудандық полиция басқармасынан ресми жауап күтеміз.