Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Бүгін ОКҚ алаңында ҚДМБ төрағасының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай құрбан айт мейрамына қатысты ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Dauletten.kz.
28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Құрбан шалудың уақыты сол күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталып, 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Айт намазы Астана қаласында таңғы 06.00-де басталады.
Айт күндері жасалатын игі істердің ең абзалы – құрбан шалу. Құрбан айт күндері құрбан шалуға шамасы келген дәулетті, қажетінен тыс зекеттің есеп мөлшеріне жеткен азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға уәжіп, яғни міндет.
«Барлық мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа шалынатын мал төрт түліктің, яғни қой, ешкі, сиыр секілді бірі болуы керек», – деді Кенжетай Дүйсенбай.
Елімізде құрбан шалу рәсімі онлайн және оффлайн форматта өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел азаматтарына әсіресе, қала тұрғындарына құрбан шалу рәсімін қашықтықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын іске қосты. ҚДМБ төрағасының кеңесшісі барша мұсылман қауымын мүфтияттың «Раббың үшін құрбан шал» акциясына үлес қосып, сауапты істерде белсенді болуға шақырды.
«Біз қазір қасиетті Зүлхиджа айында отырмыз. Бұл айда мұсылмандар құрбан шалады, әрі бес парыздың бірі болған қажылығын өтейді. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сонымен қатар 4 мың отандасымыз қазір қасиетті Меккеде. Қажыларымыздың ниеті мен дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз. Алла тағала еліміз бен жерімізге берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды айт күндері амалға асырған әрбір игі істерімізді қабыл еткей!», – деп түйіндеді ол.
Сондай-ақ, Астана қаласында 8.00-ден 18.00-ге дейін құрбан шалуға болатын бекітілген орындарды айтты:
1. «Ұлжан» әмбебап базары, Сарыарқа ауданы, Н. Тілендиев көшесі, 24 (бұрынғы «Саянұр» базары);
2. «Жайлау» базары, Байқоңыр ауданы, Алаш тасжолы, С-313 көшесі («Шарын» базарының арты);
3. «Шанхай» базары, Байқоңыр ауданы, Алаш тасжолы, 34/6 («Көк базар» базарының арты);
4. «Шопан ата» базары, Байқоңыр ауданы, (Рубиком және Әмір базарының ортасы);
5. «Баракат» базары, Байқоңыр ауданы, А-369 көшесі, №10 ғимарат.
Айта кетсек, биыл Құрбан айт мерекесі 28-30 маусым күндері аралығында өтеді. Құрбандыққа сойылған ет түгелдей әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Сонымен қатар, 109 сall орталығы тәулік бойы халыққа құрбан шалуға қатысты ақыл-кеңес беру үшін жұмыс жасайды.