Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Атырау облысында орын алған қарулы қақтығыс салдарынан Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылының үш тұрғыны ауыр халде ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Полиция қазіргі уақытта қару қолданған күдіктіні іздестіріп жатыр. Белгілі деректерге сүйенсек, оқиға Ақтөбе облысының Байғанин ауданы, Сағыз ауылына жақын маңдағы далалық жерде болған. Subaru Outback көлігінің ішінде отырған азаматтарға белгісіз біреу оқ жаудырған. Нәтижесінде 40 және 41 жастағы үш тұрғын маңдайынан, кеуде тұсынан, мойын және иық аймағынан жарақат алған.
Ауылда хирург болмағандықтан, жедел түрде олар аудандық ауруханаға жеткізілген. Кейін жағдайы өте ауыр бір азамат санитарлық авиация арқылы Атырауға жеткізілді.
- Науқастың хәлі ауыр, бірақ тұрақты. Қазіргі уақытта толық ем қабылдап жатыр. Денесіндегі оқ алынған жоқ. Алдымен жансақтау бөліміне жатқызылып, жағдайы тұрақтанғаннан кейін таңғы тоғыз жарымда жалпы бөлімге ауыстырылды. Бұл азамат бұған дейін де оқ жарақатын алған. Ол кезде де оқ алынбай қалған, – деді облыстық аурухананың хирургия жөніндегі директор орынбасары Дәурен Шанаев.
Қалған екі жараланған азамат та бүгін күндіз облыстық ауруханаға ауыстырылған. Олардың денесіне де бытыра тигені анықталды. Белгілі болғандай, осыдан үш жыл бұрын дәл осы үш адам тағы да атысқа ұшырап, сол кезде алған жарақаттарынан енді ғана оңалған екен. Туыстары оқиғаның нақты себебін түсіне алмай отыр. Полиция да әзірге ешқандай мәлімет бермей, тек күдіктілерді іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
- Тамақ ішіп алған соң үнсіз шығып кетті. Маған ештеңе айтпады. Үш жыл бұрын дәл осындай жағдай болды, дәл сол адамдар. Қандай себеп болғанын білмей отырмыз. Әйелдеріне де ешкім ештеңе айтпайды. Ол кісі әлі сөйлей алмайды. Қазір Сағыздамын, ал жараланған адамды Атырауға алып кетті, – дейді ауыл тұрғыны.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
- Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қақтығыстың барлық мән-жайы анықталады. Күдіктілерді анықтау және ұстау бағытында кешенді шаралар қолға алынды, – деді ол.