Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, елдегі кибералаяқтықтың өршуіне назар аудартты, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Депутаттың сөзінше, жаңа кезеңге жылдам бейімделген алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген адамдарды зарлатуда.
– Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған адамдардың жағдайын ұғып жатқан үкімет те, банктер де көрінбейді. Ал көптеген алаяқтық жасау фактілерінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуы дәлелденген. Дәлелмен айтсақ, республика көлемінде биылғы жылдың қаңтар, ақпан айларында ғана кибералаяқтық пен банк қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 250-бабы бойынша 15 іс, ал ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша 17 іс қозғалған. Бір түсініксіз жайт – бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Осы әділетті ме? Біз олай ойламаймыз. Ақылға салсақ, алаяқтың жемі болып, банкке сақтаған ақшасынан айырылып, мойынына жоқ жерден несие жүктеліп жығылған жандарға жұдырық болып, банктер олардың шоттарында бұғаттайды, - деді Зайытов.
Депутат бұл халыққа жасалып жатқан орынсыз қиянат екенін атап өтті.
– Сәл қысылса, мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын, ойына келген пайыз мөлшерін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайырымсыз банктер қашанға дейін тайраңдамақ? Нақақтан қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келді ғой. Ата заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы банк емес, халық екенін есіңізге салайын, - деді депутат.
Депутат Зайытов банктердің жауапкершілігін арттыруды ұсынды.
Атап айтқанда:
- Кибералаяқтардың қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банктік шоттарын бұғаттан шығаруды және бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тыйым салу шараларын қарастыруы қажет.
- Шоттарында қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан туындаған барлық шығындарды банктер өз тарапынан өтеуі міндетті.
Бұл бастамалар халықты алаяқтардың қылмыстарынан ғана емес, банктердің немқұрайлылығынан да қорғау үшін қажет.