| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезіндегі дауыл бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғаға айналды. Отан алдындағы борышын өтеп жүріп мезгілсіз ажал құшқан сарбаздардың артында орындалмаған армандары мен қара жамылған жақындары қалды. Елді еңіреткен қайғыдан соң әлеуметтік желіде марқұм боздақтардың туған-туыстары мен сүйіктілері жүрекжарды естеліктерін бөлісіп жатыр, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Отан алдындағы міндетін өтеуге аттанып, ажал құшқан өрендердің бұл қазасы жекелеген шаңырақтардың ғана емес, бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырған ауыр қайғыға айналды.
Оралуына санаулы күн қалған еді...
Қаза тапқандардың бірі — 18 жасар Азамат Мадихан. Ауылдағы отбасы оның әскерден аман-есен оралуын асыға күтіп, тіпті қуанышты атап өтуге арналған шақыру билеттерін де дайындап қойған екен. Оның елге оралуына небәрі тоғыз-ақ күн калған еді. Алайда суық хабар шаттық ұялаған шаңырақты қаралы күйге түсірді.

Қаза тапқан әскери қызметкерлердің бірі — Дастан Нұрболұлы Бегей. Оның бауыры әлеуметтік желіде ағасының суретін жариялап, тебіреністі жазба қалдырды: «Ағам-ау, айырылдым-ау сенен мәңгіге. Сарбаз боламын, елімнің алдындағы борышымды атқарамын деп асығып едің...» Ел алдындағы міндетін абыроймен атқарып, үйге асыққан жастың өмірден ерте кеткені жақындарына ауыр тиді.

Отан қорғау жолында мерт болған Жаңабай Әсет Саматұлының сүйіктісі де әлеуметтік желіде марқұмның фотосын жариялады. Бойжеткен өз парақшасында жігіттің суретін орналастырып, «Мәңгілік махаббатым» деген сөздермен жүректі сыздатар қаралы жазбасын жазды. Осыған ұқсас қайғылы жағдай тағы бір сарбаз Бердіхан Мейрамбек Ермұханұлының шаңырағында да орын алды. Оның да сүйіктісі Threads желісінде марқұмның фотосымен бөлісіп, «Мәңгілік, ұмытылмас махаббатым...» деп соңғы сапарға шығарып салды.
Спортта шыңдалып, ел қорғауға аттанғандар
Марқұмдардың қатарында Сержан Аяпберген сияқты ел намысын қорғап жүрген спортшылар да бар. Оның әлеуметтік желіде жарыстарда медаль алып тұрған сәттері мен спорттық фотолары тарауда. Ол әскерге шақырылғанға дейін дзюдо мен самбомен айналысып, Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанған, Маңғыстау өңірінің намысын қорғап жүрген өрен еді.

Сонымен қатар Бөрлі ауданы Ақсай қаласының тумасы Жеңіс Тілеуішұлы Темірғалиев те Отан қорғау жолында қаза тапты. Жергілікті әкімдік пен жақындары оның жарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталатынын хабарлап, суретімен бөлісті.
«Жүрегім қан жылап тұр»
Бүгінде балаларын әскерге жіберген аналар да бейжай қала алмай, боздақтарды өз перзеншіндей жоқтауда. Желіде таралған әсерлі жазбалардың бірінде аналар сарбаздардың портреттерінің астына: «Соңғы кездескенде армандарыңды айтып, мәз болып едіңдер ғой. Ал бүгін жүрегім қан жылап тұр. Сарбаздарым қара суық жерде жатқанда, мен қалай көз ілемін?» деп қайғырады.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде соққан қатты дауыл 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен болатын. Салдарынан 14 сарбаз қаза тауып, 3 адам құтқарылды. Ел Президентінің өкімімен қайғылы жағдайға байланысты 25 қыркүйек Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Мезгілсіз үзілген сарбаздардың ерлігі мен жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.