Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай еліміздің аумағында жылыжайда көкөніс өсіретінде шаруаларды қолдауға қатысты ұсыныс айтты.
«Жақында өңірлерде болғанымызда «Оңтүстік Қазақстан жылыжайлары қауымдастығы» Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері дабыл көтерді. Сөз жылыжай саласының күрделі жағдайы жөнінде болып отыр. Қазақша айтсақ, «еңбегі еш, тұзы сор болған» шаруалардың жан-айқайы. Жалпы елімізде жылыжай саласын дамытудың басты мақсаты – бұл маусымаралық кезеңде халықты өзімізде өндірілген көкөністермен қамтамасыз ету. Сондай-ақ жылыжай өнімінің бағасын арзандатып, оның импортын төмендету. Теориялық тұрғыдан Қазақстанның бүкіл аумағында маусымдық емес көкөністерді өсіру мүмкін болып отыр. Елдің оңтүстігіндегі Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары жетінші жарық аймағы деп аталатын өңірге кіреді. Мұнда күн жарығының жағдайы тіпті өсімдік өспейтін маусымда да - желтоқсаннан ақпанға дейін өнім алуға мүмкіндік береді. Сондықтан елдің оңтүстігінде жылыжай көкөніс шаруашылығы ауыл шаруашылығының жетекші саласы болуы керек», - деді Д. Мыңбай Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдаған сауалында.
Осы орайда ол ерте шығатын көкөністердің қазіргі құны қымбат екенін, көптеген қазақстандықтар үшін бағасы қолжетімсіз болып тұрғанын атап өтті.
«Себебіне үңіліп, зерттеген жандар бар ма? Қауымдастық ұсынған есеп-қисаптар бойынша өнеркәсіптік жылыжайдың 1 гектарын жылытып, жарықтандыруға жұмсалатын шығындар сағатына 45 кВт электр энергиясын тұтынуға дейін барады. Оған қоса, электр энергиясына, минералдық тыңайтқыштарға, еңбекақы төлеуге, күндізгі жарық ұзақтығының қысқаруына байланысты қосымша жарықтандыруға жұмсалатын шығындар және т.б. Тиісінше, осындай үлкен шығындар болған кезде көкөністердің бағасы желтоқсаннан бастап наурыз-сәуір айларына дейін төмендемейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жетекші экспорттаушы елдерде өнімділікті арттыру үшін жасанды қосымша жарықтандыру (күндізгі жарық уақытын ұзарту) қолданылады. Алайда, Түркістан облысында коммуналдық қызметтердің қымбат болуына байланысты қосымша жарықтандыруды қолдану тиімсіз», - деп түсіндірді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, бұл проблема 3 жылдан астам уақыт бойы көтеріліп келеді, отандық өнім көрші елдерде (Өзбекстан, Түркіменстан) өндірілген өнімдермен бәсекелесе алмайды.
Мысалы, коммуналдық көрсетілетін қызметтер құнын салыстырғанда мынадай:
Түркістан облысында 1 кВт электр энергиясының құны 33,17 теңгені құрайды, ал Өзбекстанда – 18 теңге, Түркіменстанда – 2-3 теңге;
Түркістан облысында мың куб газдың бағасы – 35 788 теңгені құрайды, Өзбекстанда – фермерлер үшін 11 000 теңге, Түрікменстанда – бар болғаны 45 теңге.
«Су бізде 1 куб үшін 262 теңге, ал көрші елдерде тегін. Ал өңір экологиясын бұзатын көмірдің 1 тоннасы 14600 теңге. Қысқа қарай ол 20 мың теңгеден асып жығылады. Газ бағасы бойынша да басқа облыстармен салыстырғанда Түркістан облысы 1-ші орында тұр. Осылайша, еңбек ресурстарының шығындары отандық өнімнің өзіндік құнына үлкен әсер етеді. Қысқасы, нарықта көрші елдің 1 кг өнімі кем дегенде 2 есе арзан, отандық өнім бәсекеге қабілетсіз. Жағдайды оңалту үшін тиісті министрлік шұғыл шаралар қабылдауы қажет деп ойлаймыз», - деді Д. Мыңбай.
Баға тұрақтылығын ұстап тұру және жылыжай алаңдарын кеңейту, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мынадай шараларды қабылдауды қарастыру ұсынылды:
1. Коммуналдық көрсетілетін қызметтерді (электр қуаты, табиғи газ, көмір) арзандатуға арналған шығындардың құнын 50% мөлшерінде субсидиялау;
2. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде преференциялардың барлық түрлерін ұсына отырып, жылыжайлар үшін арнайы экономикалық аймақ құру мәселесін қарау.