| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ақмола облысындағы Бестөбе кенішіне қарасты «Центральная» шахтасында опырылыс болып, заңсыз алтын өндірумен айналысқан екі адам қаза болды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ақмола облысында орналасқан Бестөбе кенішіндегі «Центральная» шахтасында қайғылы жағдай тіркелді. Оқиға 19 мамыр күні «Қазақалтын» компаниясына қарасты нысанда болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, шахтаның 610-горизонтында тау жынысы опырылып, оның астында екі ер адам қалып қойған. Құтқарушылар апат орнына жету үшін жерасты қазбалары арқылы шамамен бір жарым шақырым жол жүрген.
Оқиға орнында болған тексеру барысында екі адамның да қаза тапқаны анықталды. Белгілі болғандай, марқұмдар Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болған.
Бастапқы болжам бойынша, олар кеніш аумағына заңсыз кіріп, алтын іздеумен айналысқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адамдар тез табыс табу мақсатында заңсыз кен өндіруге барған болуы мүмкін.
Ақмола облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді. Іс Қылмыстық кодекстің 269-1-бабының 3-бөлігі — «Күзетілетін нысанға заңсыз кіру абайсызда адам өліміне немесе өзге де ауыр салдарға әкеп соғу» бойынша қаралып жатыр.
Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталуда.
Айта кетейік, бұған дейін де еліміздегі кен орындарында осындай қайғылы жағдайлар тіркелген. Сәуір айының соңында Шығыс Қазақстан облысындағы Орлов шахтасында тау жынысы құлап, екі жұмысшы үйінді астында қалған еді. Соның бірі қаза тауып, екіншісі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген болатын.