Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
ҚР бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаевқа қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр.
Бұл туралы 10 қараша күні Астана Полиция департаменті баспасөз қызметі былай деп хабарлады:
"Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелдің өліміне қатысты оқиғаны елордалық Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша тергеп жатыр".
ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде "Адам өлтіру, яғни басқа адамның заңсыз қасақана өліміне әкеп соғу сегіз жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады" делінген.
Осыған дейін бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаев 2017 жылы 11 қаңтарда ұсталған болатын. Атышулы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 23 адам, оның ішінде экс-министрдің немере ағасы да сотта жауап берген. Шенеунік өз қызметінде Қызылордада шыны зауытын салу кезінде 1 млрд теңгені қалтасына басқаны және бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Кейін 2018 жылдың наурыз айында Қуандық Бішімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылдың қаңтарында экс-министр жазасын өтеу үшін Шымкенттегі ИЧ-167/3 орта қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылды.
Ал 2019 жылдың 11 қазанында Қуандық Бішімбаев бостандыққа шыққан. ҚР ІІМ ҚАЖК баспасөз қызметі экс-министрдің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін Шымкент қаласы Абай аудандық соты 2019 жылдың 25 қыркүйегінде қарап, оның қанағаттандырылғанын хабарлаған. Сот шешімі 2019 жылдың 11 қазанында заңды күшіне енді.
Қарашаның 10-ы күні Ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов Әділет министрлігінің кулуарында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді.
- Ол қамауға алынды, қазір тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Басқа мәлімет бере алмаймын. Жұмыс аясында сізге қосымша ақпарат беріледі. Осы іспен айналысып жатқан тергеу бөлімінің қызметкерлері бар. Кейінірек кең көлемді түсініктеме беріледі, - дейді Сәкен Сәрсенов.