| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жыл басынан бері елімізде жүргізілген «Қару» және «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында қылмыстық айналымнан 1200-ден астам қару тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ресми дерекке сәйкес, тәркіленген қарулардың қатарында 18 автомат, екі гранатаатқыш, 320-дан астам тапанша, 100-ден астам ойық ұңғылы қару және 700 тегіс ұңғылы мылтық бар. Сондай-ақ олардың ішінде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған 120 қару анықталған.
ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, мамыр айында Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелмеген бірқатар қару тәркіленген. Олардың арасында Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы қару дүкендерінен ұрланған қарулар да болған.
Сонымен қатар 20 сәуірден бастап елімізде халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы жүргізілуде. Акция жыл соңына дейін жалғасады.
Бүгінгі таңда азаматтар ерікті түрде 750-ге жуық түрлі қару мен 4 мыңға жуық оқ-дәріні тапсырған.
Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды. Ведомство өкілдері азаматтарды сақтауға заңды негізі жоқ қаруды өткізіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуға шақырды.