| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар бірқатар заң жобасын талқыға салады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
14 қарашада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланған болатын. Соған сәйкес, бірінші оқылымда депутаттардың бастамасымен әзірленген қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіруге және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобаларын қарау ұсынылады.
Құжатта Еңбек және Әлеуметтік кодекстерге, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгеріс енгізіледі. Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерде еңбек жөніндегі уәкілетті органның өкілеттігін кеңейту, жалақы төлеу және келісу комиссияларының жұмысы туралы нормаларды жетілдіру, сондай-ақ еңбек қызметінің белгілері болған кезде азаматтық-құқықтық шарттар жасасуға тыйым салу қарастырылған.
Әлеуметтік кодексте жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде әкелердің жас балаларға күтім жасау кезінде жұмыс істемеген уақытын еңбек өтіліне қосу ұсынылады.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау тәртібі нақтыланады.
Сондай-ақ депутаттар екінші оқылымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мақсатымен әзірленген заңнамалық жаңашылдықтарды қарайды.
Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы заң жобасы да енгізілді. Бұл құжат академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуге, дипломдарды, дәрежелерді және өзге де біліктіліктерді тануды жеңілдетуге, сондай-ақ оларды бағалау кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.