| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының берік іргетасы. Қай қоғамда да ұлттың болашағы – тәрбиелі, саналы ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың алғашқы тәлім-тәрбиені алатын ордасы – балабақша. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда Dauletten.kz сайтының тілшісі балалардың бойына салт-дәстүр, ана тілі мен ұлттық құндылықы сіңіруді басты бағыт еткен балабақша меңгерушісімен сұхбаттасты.
Астана қаласындағы бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған маңызды мекеменің біріне бағыт-бағдар беріп, оның мазмұнын ұлттық рухани құндылықтармен байытып отырған №5 "Ақбота" балабақшасының меңгерушісі "Алаңдағы бестемше" ойының авторы Жолбарысова Мөлдір Айтқалиқызымен әңгіме өрбітеміз.
Мөлдір Айтқалиқызы оқу-тәрбие жұмысын тек заманауи талаптарға сай ұйымдастырып қана қоймай, ұлттық тәрбиеге негіздейді. Бұл - оның басты басым бағыты. Ол күнделікті тәрбие үдерісінде қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ойындарын кеңінен қолдануға ерекше мән береді. Соның ішінде балаларды авторлық ойыны "Алаңдағы бестемше" ойынын ойнатуды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
– Қайырлы күн, Мөлдір ханым! Сұхбат беруге келісім бергеніңізге рақмет! Сіздің осы балабақша тәрбиесіндегі басым бағытыңыз ұлттық құндылықтарды балаға ерте жастан бастап үйретумен ерекшеленеді екен.
– Қайырлы күн! Осындай бір маңызды тақырыпта сұхбат алғандарыңызға қуаныштымын. Ұлттық тәрбие қай уақытта болмасын өзектілігін жоғалтпайтын құндылығымыз ғой. Өте орынды сұрақ. Жалпы біздің кез келген ұлттық құндылығымыз балаға оң әсерін тигізбесе кері әсерін тигізбейді.Біз күнделікті таңертең бүлдіршіндерді ата-аналары әкелген кезде домбыраның күмбірімен қарсы аламыз. Балаға жайлы саз-әуен ұйқысын ашып өзін жақсы жайлы сезінуге өте керемет әсер етеді. Таңғы жаттығудан кейін балалармен бірге міндетті түрде Әнұран айтамыз. Күніміздің шымылдығын патриоттық рухпен ашамыз.Таңғы ас ішіп болған соң міндетті түрден астан соң балалар бата береді. Әр ай сайын балалар 1 батадан жаттап отырады. Сонда 12 айда бала 12 бата жаттайды. Бұл бірінші кезекте ұлттық тәрбие болғанымен, екінші кезекте баланың сөйлеу дағдысын қалыптастыруға мол әсерін тигізеді. Тағы бір ескеретін жайт бізде балалар тек орындыққа отырмайды. Бақшаға келерде ата-аналар балаларына әдемі жұмсақ көрпешелер алып келеді. Яғни балалар көрпешелерге отырады. Ұл балалар малдас құрып отыруды, қыз балалар жүрелеп отыруды үйренеді. Ол да бір тәрбие. Білесіз бе, бұл балалардың қан айналымын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ қазақтың төл дыбыстарын, әріптерін дұрыс айту үшін біздің балабақшаның әр тобында тәрбиешілер жаттығу жасатады. Баланың сөйлеу мәнеріне тигізер пайдасы мол. Зияткер академиясы аясында біздің кішкентай қыздарымыз тоқыма тоқу, ұршық иіру, жүн түту сияқты дағдыларды үйренеді. Бұл біздің ұлттық кәсібіміз баланың моторикасын жақсартады. Балабақшамыздың ең бірегей бір жері бар. Астана үлкен қала болғандықтан, балалары жұмыста кезде немерелеріне қарайтын бүлдіршіндеріміздің ауылдан келген әжелері бар. Сол әжелеріміз таңертең немерелерін балабақшаға әкеліп, өздері де біздің балабақшамыздағы балалармен уақыт өткізеді. Яғни күндіз балалар ұйықтарда әжелеріміз кезекпен балаларға ертегі оқып береді. Бүлдіршіндер әжелерінің ертегісін тыңдап ұйқыға кетеді. Мінекей осының барлығы біздің балабақшамызды жүйелі түрде атқарып жатқан жұмысы.
– Бәріміз білеміз, балалармен жұмыс істеу өте жауапты іс. Оның ішінде мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндермен жұмыс істеу басқа. Дәл осы балабақша саласын таңдауыңыздың басты себебі неде?
– Менің мамандығым – мақтанышым. Балалармен жұмыс істеу жолын таңдауыма ең басты себеп – баланың бойына жақсы қасиеттерді ең алғашқы кезеңнен бастап сіңірудің маңызын терең түсінуім. Балабақша жасы – тұлғаның іргетасы қаланатын, мінезі мен дүниетанымы қалыптасатын ең жауапты кезең. Осы уақытта берілген мейірім, тәрбие мен құндылықтар баланың бүкіл өміріне әсер етеді деп есептеймін. Сонымен қатар балалардың шынайылығы, тазалығы мен әр жетістігіне қуана білуі маған, менің әр бастамама ерекше шабыт береді. Олардың алғашқы сөзін, алғашқы қадамын, алғашқы түсінігін қалыптастыруға үлес қосу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі абырой. Сондықтан да балалармен жұмыс істеуді өз мамандығым ғана емес, жүрек қалауым деп қабылдаймын.

– Мөлдір ханым, өзіңіздің авторлық ойыныңыз жайлы түсініктеме беріп жіберсеңіз.
– Жалпы бұл ойын қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны "Бестемшенің" заманауи түрленген командалық түрі. Бұл ойын 2021 жылы білім басқармасының қолдауымен елордалық балабақшаларға алғаш рет инновациялық жоба ретінде енгізілді. Мен қызмет атқарып жүрген "Ақбота" балабақшасы осы жобаны алдық. Жобаны толықтай зерттеп, тәрбиешілерімізге, ата-аналарымызға, бүлдіршіндерімізге үйретіп, жобаның маңызын түсіндік. Зерттей келе, «Алаңдағы бестемше» атты авторлық ойыным дүниеге келді. Айырмашылығы ұлттық зияткерлік ойынымыз "Бестемшені" екі адам ойнаса, "Алаңдағы бестемшені" 10-20 адамға дейін ойнай береді. Мен тәрбие саласына келгелі, "Ұлт үшін қандай қызмет атқара аламын?" "Елге қандай пайдамды тигізсем..." деп көп ойландым. Нәтижесінде осы "Алаңдағы бестемше" ойыны дүниеге келді. Ал ойын өз нәтижесін бере бастағанда, балалардың шынымен даму деңгейін көргенде - күш салғаным бекер еместігін түсіндім.

– Керемет, ерекшелігін атап өтсеңіз.
– Бұл ойынды "қазақтың футболы" десек болады. Бұл ойынды далада да, үйде де, алаңда да ойнауға болады. Ең алғаш «Алаңдағы бестемше» ойыны шыққанда біз қарапайым ақ матадан жасадық. Қарапайым 2 қазандық 5 отаудың суретін салдық. Ойнайтын тастардың орнына асықты пайдаланып осылайша тұсауын кестік. Қазіргі таңда біз бүлдіршіндерді тоқымадан жасалған арнайы кілемшеде ойнатып жүрміз. Тас болғанда, біз оны арнайы жұмсақ матадан жасадық. Бұл баланың майтабан болуының алдын алады. Басқа да дәстүрімізді насихаттайтын өзіндік мағынасы бар ережелер де енгізілген.
– Өзіңіз атап өткеніңіздей бұл ойынның жасырын бір салт-дәстүрді насихаттайтын тұсы бар дедіңіз. Сол бір ерекше тұсын бөліссеңіз.
– Әлбетте. Мысалы ойында 2 қазандық, 5 отау және 50 тас бар. Ойын ережесіне сәйкес, тастарды жүрген кезде отауда міндетті түрде 1 тас қалу керек. Бұл нені білдіреді десеңіз, себебі қазақта қара шаңырақты қаңыратпаған. Отбасының бір баласы қара шаңыраққа ие болу керек деген мағынада, осы ережені бекіттім. Қазақта қарттар үйі деген ұғым болмағанын, ата-анаға құрметпен қарап жоғары қою керегін осы ереже арқылы балаға жеткізіп отырмыз. Келесі ережесі, тастарды тек оң бағытта жүреміз. Қазақта "оң" деген ұғым игілікті білдіреді. Оң босаға, оңынан іс бастау деген сияқты бұл да ойынның бір шағын тәрбиелік тұсы. Тастарды жүру барысында егер тастардың саны тақ болса алмаймыз, жұп болса ғана тасты көтереміз. Бұл бірге жүру, ауызбірлікте болу деген мағынада балаларға достықты насихаттайтын ереженің бірі. Сондай-ақ ойын барысында жүрген тасың өз жағыңнан бітіп қалса, онда ол тасты қазандыққа ұтып алып кетпейміз, өзіміздікіне тиіспейміз. Ал егер қарсылас жақтан ол тас бітіп қалатын болса, ол тасты біз өзімізге ұтып алып кетеміз. Неге? Себебі қазақта ешқашан жеті атадан аспай, бір рудан қыз алып, қыз беріспеген. Өз тасыңа тиіспеу деген осы бір дәстүрімізді білдіреді.

– Бірнеше ақпараттарға сүйенсек, сіздің бұл жобаңыз халықаралық деңгейге жеткен екен. Сол жайлы тарқатып бересіз бе?
– Иә, дұрыс ақпарат айтып отырсыз. "Алаңдағы бестемше" тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде үлкен сұранысқа ие. Алғаш рет 2023 жылы елордалық балабақшалар түркия мемлекетінде тәжірибемізді бөлістік. Алғаш "Алаңдағы бестемше" ойынын таныстырып шеберлік сағатын көрсеттім. Түркия мемлекеті үлкен қызығушылық танытып екі ел арасында меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Түркиядан, Моңғолиядан, Қырғызстаннан, Жапониядан делегациялар келіп қызығушылық танытып балабақшамызда қонақта болып іс-тәжірибе алмастық. Түркиядағы сарапшылар мен педагогтардың қызығушылығы пайда болды. Қазіргі таңда бұл ойын Түркияның балабақшасында ғана емес, мектептерінде де ойнатылып жүр. Маған Түркиядан кері байланыс беріп, балалардың "Алаңдағы бестемшені"ойнап жүрген сәттерінен бейнероликтер жіберіп отырады. Ең қызығы Түркияның Самсун қаласында «Бестемше» деген мектеп ашып, сол мектепте "Алаңдағы бестемшені" Самсун қаласының әкімі де қызығып ойнады. Түркия Республикасының Амасья қаласында "Ұлттық зияткерлік ойындар және жаһандық мәдениет" тақырыбында өткен халықаралық семинар аясында Алаңдағы бестемшеден алғаш рет Әлем чемпионаты өтті. Авторлық ойынымның халықаралық деңгейге шыққаны мен үшін үлкен мәртебе, ұлт үшін мақтаныш деп білемін. Анкара қаласында өткен Синджан ғылым фестивалінде қазақтың дәстүрлі Сондай-ақ ұлттық ойындарымыз "Бестемше", "Тоғызқұмалақ" асық ойындарымен қатар "Алаңдағы Бестемше" ойыны түрік жұртшылығының ерекше қызығушылығына ие болды. 1 күннің ішінде 972 бала ойын алаңына келіп, олардың 178-і ойынға тікелей қатысты. Балалар үшін бұл ойын тек көңіл көтеру құралы емес, зерде мен зейінді, логикалық ойлау мен тепе-теңдікті дамытатын мектепке айналды.



– Мөлдір Айтқалиқызы айтыңызшы, осы зияткерлік ойынды дамытуға мемлекет тарапынан қолдау болып жатыр ма?
– Әрине. Осы ойынның арқасында біздің балабақшаның тәрбиеленушілері өдерінің зиятын едәуір дамытты. Сол себепті барлық республикалық жврыстардан бась жүлде алып жүрдік. Соның арқасында 2023 жылы "Ақбота" балабақшасы үздік атанып, Астана қаласының әкімінің 10 млн теңге грантын ұтып алдық. Сондай-ақ былтыр күзде Алматыда өткен "Үздік авторлық бағдарлама" конкурсынан 1-ші орын алдық. Бұл бірінші кезекте еңбекпен келген жеңістеріміз болса да, мемлекет тарапынан осындай қолдау алып, жұмысымызды бағаласа бұл мені, ұжымымды шабыттандырады.

– Өзіңіздің жеке әдістемеңізге енгізгеніңізге қарағанда ұлттық тәрбиеге бет бұруыңызға отбасыңыздың әсері болды ма? Өз балаларыңыз да осы рухани құндылықтарды алып жатыр ма?
– Әрине, болды. Мен ұлттық құндылықтарды өз отбасымнан көріп өстім. Үйде үлкенге құрмет, кішіге ізет, ана тіліне деген сыйластық әрдайым бірінші орында тұрды. Өзім Ұлы Абайлардың мекені Семейдің тумасымын. Әкем мен анам маған, бауырларыма қазақи тәрбиені сіңдіріп өсірді. Ұяңнан не көрсең, ұшқанда соны ілесің деп рас айтылған.
– Ұлттық рухта тәрбиеленіп жатқан бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі қоғам үшін қандай тұлға болып қалыптасады деп ойлайсыз?
– Ұлттық рухта тәрбиеленген бала ертең өзіне сенімді, қоғамдағы орнын дұрыс бағамдай алатын тұлға болып қалыптасады. Ол өз халқының құндылықтарын құр сөзбен емес, іс-әрекетімен көрсете білетін, жауапкершілігі жоғары, ел мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қоя алатын азамат болады. Мұндай тәрбие алған ұрпақ өзгелердің мәдениетіне де құрметпен қарап, өз болмысын сақтай отырып, заман талабына бейімделе алады. Яғни ұлттық тәрбиемен өскен бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі күні ел бірлігін нығайтатын, саналы әрі парасатты қоғам мүшесі болады. Біздің мақсат — ұлттық рухы биік, ойы жүйрік, әрекеті шапшаң, заманауи өзгеріске дайын жаңа буынды тәрбиелеу. Жалпы өзімнің ұстанымым бар. Білім әлемдік болса да, тәрбие ұлттық болу керек.

Сұхбатыңызға көп рақмет! Оқырмандарымызға әсіресе осы салада жүрген әріптестеріңізге қызық болатынына сенімідімін. Білім саласына, қоғамға осындай үлесіңіз тие берсін. Еңбегіңіз жемісті болсын!