Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан мүгедектігі бар жандардың жәрдемақысы қашан ұлғаятынын сұрады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Депутаттың сөзінше, әлеуметтік мәдени даму комитеті республикалық бюджетті қалыптастыруда мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақыны арттыру үшін қосымша қаражат бөлу қажеттігі туралы үнемі айтады. Алайда бұл мәселе шешімін таппай отыр.
Үкіметтің жауабында бұл мәселе қаржылық жағдай жақсарғаннан кейін қайта қаралатыны айтылған. Алайда бюджеттің атқарылу есебінде жыл сайын министрліктің шығындары айтарлықтай түзетілетіні байқалады. Мысалы, 2023 жылы "Азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру және төлемдерін жүргізу" бюджеттік бағдарламасы бойынша 25,7 миллиард теңге қысқартылды, ал осы жылы бұл көрсеткіш 69,3 миллиард теңгеге түзетілді. Сондықтан, Светлана Қабыкенқызы, мынаны түсіндіріп беріңізші.
Неліктен сіздің министрлік зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге арналған шығыстарды жыл сайын өзгертуге әуес. Одан кейін министрлік бюджетінде үнемі резерв болатыны белгілі. Осыған орай мүгедектігі бар жандардың жәрдемақысын қашан ұлғайтпақ ойларыңыз бар?, - деп сұрады депутат.
Министр Светлана Жақыпова өз жауабында Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін трансформациялау мен оңтайландыру бағытында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Басты мақсат — халықтың әл-ауқатын арттыру. Цифрландыру, трансформация және артық функцияларды оңтайландыру арқылы жүйені жетілдіріп, жаңа тәсілдер енгізу жоспарлануда, - деді министр.
Сондай-ақ министр әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды заңсыз алу әрекеттеріне тосқауыл қойылып, адами фактор жойылғанын айтты.
Қазіргі уақытта әлеуметтік төлемдерді алудағы алаяқтық схемалар, мысалы, жалған құжаттармен төлем алу, табыс пен еңбек өтілін асыра көрсету мәселелері тоқтатылған. Бұл шаралар бюджет қаражатының мақсатты түрде жұмсалуына септігін тигізуде, - деді Светлана Жақыпова.