| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Маңғыстау облысында ауыз су мәселесіне арналған жиын қызу өтті. Өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты шенеуніктердің жұмысына қатаң сын айтып, жыл сайын қайталанатын су тапшылығына қатысты сылтауды қабылдамайтынын ашық жеткізді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралған кеңейтілген отырыста жауапты мекемелердің жұмысын өткір сынға алды. Оның айтуынша, жаз мезгілінде ауыз су тапшылығы қайталануы қалыпты жағдайға айналмауы тиіс.
Жиын барысында әкім жауапты мамандардың мәселені түрлі себеппен түсіндіруге тырысқанын сынға алып, тұрғындарға нәтиже керек екенін айтты.
- Негізінде жазда мұндай мәселе болмауы керек еді. “Бүйткен едік, беруіміз керек еді” деген сылтаулар. Не істеп отырсыздар? Бұл сылтауды халыққа барып айтып көр. Осы жерде, осы үстел басында Маңғыстаудың ауыз суына бүкіл жауапты мамандар отыр. Не сендердің жандарың ашымайды, немесе бастарың істемейді. Екеуінің біреуі. Басқа менің айтатыным жоқ, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Әкімнің сөзінше, халық үшін жоспар мен уәде емес, үйіне үздіксіз келетін ауыз су маңызды. Сондықтан жауапты органдар мәселені кейінге қалдырмай, нақты шешім қабылдауға міндетті.
Маңғыстау облысында ауыз су мәселесі жыл сайын өзекті тақырыпқа айналады. Әсіресе жазда тұрғындар санының көбеюі мен суды тұтыну көлемінің артуы жүйеге қосымша салмақ түсіреді. Алайда бұл жағдай тұрғындар үшін сылтау болмауы тиіс екенін әкім ашық айтты.
Әкімнің қатаң мәлімдемесі өңірдегі ауыз су мәселесінің әлі де толық шешілмегенін көрсетті. Бұл жолы жауаптыларға тек ескерту айтылып қойған жоқ, тұрғындардың күнделікті тұрмысына әсер ететін мәселеге салғырт қарауға жол берілмейтіні де анық аңғартылды.